Жаңа апта басындағы жаңа тағайындаулар
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаслан Мәдиевті премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі етіп тағайындағанын 29 қыркүйек күні таңертең Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мәдиев бұған дейін басқарған цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биыл 18 қыркүйекте жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылған.
Тоқаев жаңадан құрылатын министрлікке зор міндет жүктелетінін және оған бекітілген жауапты сала – жасанды интеллект пен жаппай цифрландырудың маңызы және оған басымдық берілетінін осыдан үш апта бұрын парламент мінберінен жасаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында және одан кейін де айтқан еді.
Сонымен бірге президент Тоқаев Ғани Бейсембаевты Оқу-ағарту министрі лауазымынан босатып, оның орнына Жұлдыз Сүлейменованы министр етіп тағайындады деп хабарлады Ақорда дүйсенбі күні. Сүлейменова 2023 жылдың 29 наурызынан бері парламентте биліктегі Amanat партиясынан мәжіліс депутаты болып отырған.
Бұдан бөлек, президенттің өкімімен Жандос Өмірәлиев Қазақстан Бас прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Оған дейін осы лауазымды атқарған Тимур Тәшімбаев қызметтен босатылды.
Ақорда өкілінің түсіндірмесі
Қазақстан президентінің көмекшісі әрі баспасөз хатшысы Руслан Желдібай дүйсенбі күні ауыс-түйістер жайында түсініктеме берді.
"Кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал келіп жатыр. Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту", – деп жазды Желдібай telegram-постында.
Ол сыртқы істер министрі лауазымынан босатылған Нұртілеуге енді қандай міндет жүктеліп отырғанын атап өткен.
"Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі. Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді. Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады", – деді Руслан Желдібай.
Ол премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалған Мәдиев Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөніндегі мақсатты іске асырумен шұғылданады деп түсіндірген. Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған Сүлейменованы "қоғамдағы белсенді қызметімен және білім беру саласындағы мол тәжірибесімен белгілі" деп сипаттаған.
"Бастық алдындағы жауапкершілікке сүйенетін жүйе"
Тоқаев өткен аптаның орта шенінде Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 80-сессиясына қатысып, елге оралысымен Ақорда мен үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасаған.
Соның ішінде, көп жыл бойы президентке жақын әрі сенімді адамы саналатын Мұрат Нұртілеуді Қазақстанның сыртқы істер министрі лауазымынан босатып, өзіне халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекші етіп тағайындағаны жұрт назарын аударған еді. Кейбірі 49 жастағы Мұрат Нұртілеу жайлы кейінгі кезде тараған бейресми ақпаратқа билік қандай реакция танытар екен деп күткен.
Соның алдында Orda.kz басылымы сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-нің бірқатар қызметкері ұсталғаны жөнінде ақпарат таратқан. Артынша билік өкілдері мен ресми орындар кезек-кезегімен бұл ақпаратты жоққа шығарып, заңда "жалған ақпарат таратқандарға" жауапкершілік қарастырылғанын ескерткен.
Басылым Қаңтар оқиғасынан кейін қысқа уақыт ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған Нұртілеу Гаджиевтің көмегімен арнайы қызмет ішінде құрған құрылым олардың мүддесіне қызмет етіп, өздеріне жақпаған адамдарды аңдумен, қудалаумен айналысқан деп жазған еді.
Бірнеше күн бойы ешқандай мәлімдеме жасамай, тым-тырыс қалған Мұрат Нұртілеу президент Тоқаев жолдауын жариялар алдында парламентте БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауабында өзі жайлы тараған ақпаратты "жалған және абсурд" деп атады. Кейін ол Қазақстанның ресми делегациясы құрамында президент Тоқаевпен бірге БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысты. Ал Нью-Йорктен оралған бетте СІМ басшысы қызметінен босатылды.
Тоқаев Нұртілеудің орнына сыртқы істер министрі қызметіне биылғы ақпан айынан бері премьер-министрдің орынбасары болып істеген, оған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімі, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болған Ермек Көшербаевты тағайындады.
Сонымен бірге Ержан Қазыхан президенттің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылып, Женева қаласындағы (Швейцария) БҰҰ-ның бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды.
Ал 2021 жылдан бері Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі болып келген Ержан Ашықбаев ол қызметінен босатылды.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қазақстанда маңызды қызметтегі ауыс-түйіс қоғамнан жабық, тасада жасалатын билік дәстүрі совет кезінен бастап, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында да сақталғанын, ал қазір екінші президент те соны жалғастырып келе жатқанын айтады.
"Соның салдарынан бүгінде саяси талдау нақты саясаттың өзінен гөрі элитологияға көбірек ұқсайды: жұрт "кім кетті, кім келді, кімді орнынан алды, кімді жоғарылатты" дегенге ғана мән береді. Бірақ, "Осының бәрі елдің дамуына қалай әсер етеді?" деген басты сұрақ қойылмайды. Шешім оңаша қабылданатын жүйеде жеке жауапкершілік болса да, ол халық пен мемлекет алдындағы емес, тек "бастық" алдындағы жауапкершілікке айналады. Ал шешімдер ел мүддесіне сай екені ашық және нақты түсіндірілмейді – олар көбіне президенттің, оның төңірегінің немесе ықпалды топтардың мүдделерімен ғана шектеледі", – деп жазды сарапшы Facebook-те жариялаған постында.