Қазақстан үкіметі "экономикалық реформалардың жағымсыз салдарын азайту үшін" шұғыл шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Арасында ипотекалық несие бөлуді ұлғайту, жанармай бағасын, коммуналдық төлем тарифтерін көтеруге мораторий, көлікті лизингке алу механизмі және салық режиміне қатысты шаралар бар.
Бұл жөнінде 16 қазанда өткен үкімет отырысында хабарланды.
Үкімет бүгіннен бастап "инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін" АИ-92 маркалы бензин мен дизель отыны бағасын одан әрі көтеруге мораторий енгізді. Премьер-министр тиісті органдарға мұның орындалуын қадағалауды тапсырды.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов "электр энергиясы мен жылу тарифтерінің бағасын өсірмеу мәселесін қарастырып жатқанын" айтты. Ол үшін "осы салада істеп жатқан мекемелердің барлық шығындарын оңтайландыруды ойластырып жатырмыз" деді вице-министр.
Бұған қоса үкімет коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруді 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатуға тапсырма берді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін арнайы "тұрақтандыру қорларын қаржыландыру екі есе ұлғаяды". Сауда және интеграция министрі "бағаны көтеріп жіберетін делдалдарды алып тастайтынын", "өңірлерге сиыр етін жеткізуді ұйымдастыртынын" мәлімдеді.
Бұдан бөлек Қазақстан үкіметі оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға салынатын "басы артық шектеулерді алып тастайтынын", салық бойынша тексеру жүргізуге тыйым салатынын, салық берешегі қарызы үшін айыппұл болмайтынын мәлімдеді.
Үкімет мемлекеттік бағдарламамен берілетін ипотекалық несие көлемін "екі есе ұлғайтатынын", "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" бағдарламалары арқылы несиелеу көлемін 500 млрд теңгеге дейін арттыратынын хабарлады. Мұнымен бірге үкімет азаматтардың автокөлікті лизингке алу механизмін енгізбек.
10 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі "инфляцияны тежеу мақсатында" базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін бірден көтерді. Қыркүйекте жылдық инфляция 12,9%-ға жетіп, болжаған деңгейден асып түскен. Сарапшылар Қазақстанда қымбатшылық өршіп тұрғанда жаңа жылдан енгізілетін салық кодексі әлеуметтік шиеленісті ушықтырады деген.