Осыдан 25 жыл бұрын қоршаудағы Сараево қаласында алғаш рет қантөгіс болды. Босниялық сербтер қоршауда ұстаған 1425 күннің ішінде қалада 10 мыңнан астам тұрғын қаза тапқан. Сараево жаңа тарихта ең ұзақ уақыт қоршауда болған мемлекет астанасы ретінде қалды.
Сараево. Қоршаудағы 1425 күн

1
Сараевоны қоршау басталған кезде түсірілген суретте бейбіт шеруге шыққандарға қарата оқ атқан серб әскерилеріне жауап ретінде оқ атуға дайындалып жатқан босниялық сарбаз бейнеленген. 6 сәуір 1992 жыл.

2
Сараевоны қоршауға алғандар артиллериялық қарудан атқылағаннан кейін қала орталығындағы биік ғимаратта өрт шықты. 8 маусым 1992 жыл.

3
Оқ тиіп ауыр жараланған әйелдің басын сүйеп отырған ер адам. 27 маусым 1992 жыл.

4
Сараево ауруханасындағы жаралы қыз. 3 тамыз 1992 жыл. БҰҰ баяндамасында Сараево қоршауы күшейген кездері қалаға күнделікті үш мыңнан аса снаряд жаудырылғаны айтылған.

5
Сараево қоршауы басталғаннан кейін бір жылдай уақыт өткенде түсірілген суретте отын әзірлеп жатқан бір отбасының мүшелері бейнеленген. Жалғыз қала ғана емес, оның төңірегіндегі елді мекендер де қоршауда қалған. Қоршау басталғанға дейін ол аймақта шамамен 525 мың адам тұрған.

6
Босния әскерінің Сараевоға өтіп кетпеуін қадағалап тау жолдарын шолуға шыққан босниялық сербтер жасағы. 17 сәуір 2017 жыл.

7
Атыстан жараланған адамға көмектесуге шақырып тұрған ер адам.

8
Күн сайын жас қабірлер пайда болып, аумағы кеңейіп бара жатқан зиратқа жерленген әйелінің басында жылап отырған ер адам. Сараево, 1993 жыл.

9
Көшеде отырған қарулы ер адамдар Сараево әуежайына жақын маңнан өтіп бара жатқан БҰҰ автокөлігіне қол бұлғап, сәлем жолдап жатыр. 14 мамыр 1993 жыл. Сараевоға әуе жолы арқылы гуманитарлық жәрдем жеткізуге арналған Operation Provide Promise операциясы 1992 жылдың шілдесінен 1996 жылғы қаңтарға дейін жалғасты.

10
Сараевода зеңбірек снаряды түсіп жанып жатқан ғимарат. 1994 жылы қоршау жалғасып жатқан кезде БҰҰ комиссиясы қалада ондаған мың пәтер, әкімшілік үйлері, «оларға қоса ауруханалар мен медицина мекемелері тәрізді қорғалатын ғимараттар», сонымен бірге мәдени маңызы бар нысандарға зиян келгені туралы қорытынды жасаған.

11
Сараеводағы атышулы «Мергендер аллеясынан» жүгіріп өтіп бара жатқан адамдар, 1995 жыл. Қаланың айналасындағы төбелер мен іргелес жатқан көшелердегі көпқабатты ғимараттардан алақандағыдай көрінетін бұл аллея нысанаға алуға қолайлы болғандықтан осылай аталып кеткен. Қала қоршауда болған 44 айдың ішінде тұрғындар өміріне атыспен қоса аштық пен ауру да қауіп төндірген. Адамдар ас-су, дәрі-дәрмек пен электр тапшылығынан қиындық көрді.

12
Француз кардиналы Роже Эчегарай (сол жақта) мен босниялық кардинал Винко Пулич Сараево қаласында, 15 тамыз 1995 жыл. Кардинал Эчегарай Рим папасы екінші Иоанн Павелдің Сараево тұрғындарына қолдау білдірген сәлемін жеткізді.

13
Сараевоның орталық базарын атқылаған кезде жараланған бейбіт тұрғындар аурухана дәлізінде медициналық жәрдем күтіп отыр. Суретте сол жақта отырған жаралы әйел дәрігерлер оны қарап үлгергенше жан тапсырды. 5 ақпан 1994 жыл.

14
1995 жылғы тамыздың 28-і күні Сараевоның орталығындағы Маркале базарын минометтен атқылау салдарынан 43 адам қаза тапты. Бұл әлгі базарға қасақана жасалған екі шабуылдың бірі еді, олар кейін «Маркале қырғыны» деген атауға ие болды. Бұл оқиға НАТО күштерінің сол тамыз айында босниялық серб әскеріне әуеден соққы беруіне себеп болған факторлардың біріне айналды.

15
Сараевоның іргесіндегі сербтер тұратын Илидждегі базарда сауда жасап тұрған әйелдің ту сыртында дүкен өртеніп жатыр. 9 наурыз 1996 жыл. Үш күннен кейін бұл ауданды хорваттар мен мұсылмандар бақылауына алған.