Accessibility links

Трамптың сөзі жайлы дау-дамайдан соң BBC-дің екі топ-менеджері қызметтен кетті


Тим Дэйви британдық ВВС медиакорпорациясының бас директоры болып 2020 жылғы қыркүйекте тағайындалған.
Тим Дэйви британдық ВВС медиакорпорациясының бас директоры болып 2020 жылғы қыркүйекте тағайындалған.

Британдық ВВС медиакорпорациясының екі топ-менеджері – бас директор Тим Дэйви мен жаңалықтар қызметінің жетекшісі Дебора Тернесс – АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзін бұрмалауға қатысты айыптаулардан кейін қызметтен кетті.

Тим Дэйви ұжымға жолдаған хатында корпорация жұмысында "бірқатар қателік жіберілгенін" мойындап, ол үшін толық жауапкершілікті мойнына алатынын мәлімдеді. Ол әсіресе жаңалықтар бөлімі жайлы "пікірталастарды" атап өтті.

Дебора Тернесс Трамптың сөзін өңдеуге қатысты бағдарлама төңірегіндегі ұзаққа созылған дау шегіне жетіп, "BBC беделіне нұқсан келтіре бастағанын" жазды.

Бұл дауға былтыр BBC арнасында эфирге шыққан "Трамп: Екінші мүмкіндік пе?" атты бір сағаттық бағдарлама себеп болған. Онда Трамптың 2021 жылғы 6 қаңтарда — Вашингтондағы Конгресс ғимаратында болған тәртіпсіздіктер қарсаңында — сөйлеген сөзі өңделіп берілген. Бағдарлама көрерменге Трамп тәртіпсіздікке тікелей шақырғандай әсер қалдырған.

Нақтысында Трамп сол күні: "Біз Капитолийге барып, өзіміздің батыл сенаторлар мен конгрессмендерімізді жігерлендіреміз", — деп мәлімдеген. Алайда бағдарламада оның сөзі былай берілген: "Біз Капитолийге барамыз... сіздермен бірге мен де барамын. Және біз күресетін боламыз. Бар күшімізбен күресеміз".

BBC кейін түсіндірме жариялап, Трамптың сөйлеген сөзінің арасы 50 минуттен асатын екі бөлігі монтаж кезінде өңделгенін айтты. Медиакорпорация бағдарламаны тәуелсіз продакшн-компания жасаған деп мәлімдеді.

Тим Дэйви BBC-дің бас директоры қызметіне 2020 жылғы қыркүйек айында тағайындалған. Оған дейін жеті жыл бойы корпорацияның коммерциялық бөлімшесі — BBC Studios-ты басқарған. Ол BBC-де жиынтығы 20 жыл қызмет істеген. Дебора Тернесс BBC News бөлімін 2022 жылдан бері басқарып келген.

XS
SM
MD
LG