Accessibility links

Трамп Портлендке әскер жіберуге бұйрық берді


АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні көші-қон қызметі және кеден полициясының әрекетіне қарсы наразылық өтіп жатқан Портленд қаласына әскер жіберуге бұйрық берді. Ол сонымен бірге әскерге ел аумағындағы барлық көші-қон қызметі нысандарын бақылауға алуды тапсырды.

Трамп ішкі істер министрі Кристи Ноэмнің өтінішіне сүйенді. Ол Truth Social желісінде қорғаныс министрі Пит Хегсет нысандарды шабуылдаушылардан қорғау үшін тиісті әскерді бағыттауы керек екенін жазды. Ол сонымен бірге әскер "бар күшін" пайдалана алады деді.

Портлендте жергілікті көші-қон қызметінің ғимараты алдында бірнеше айдан бері мигранттарды депортациялауға қарсы наразылық өтіп жатыр.

Бұған дейін Трамп тәртіпсіздікті басу мақсатында ұлттық гвардия күштерін Лос-Анжелеске жібергені үшін Калифорния билігімен араздасып қалған. Әскер сонымен бірге Вашингтонға да жіберілген. Трамптың қарсыластарының айтуынша, әскер жіберуге негіз жоқ, штат билігі өз күштерімен-ақ жағдайды бақылауға шамасы жетеді. Портленд мэрі демократ Кит Уилсон да қалаға әскер кіргізуге қарсы болды. Әзірге әскердің жеткені-жетпегені жөнінде хабар жоқ.

Көші-қон және кеден қызметінің (ICE) әрекеті кейінгі күндері наразылық туғызған. Мысалы, Чикагода наразылар көші-қон орталығына жиналып, полиция жұртты тарату үшін жас ағызатын газ, бұрыш қолданған. Акцияға қатысушылардың сөзінше, наразылық бейбіт болған. Бірақ күштік құрылым өкілдері наразылар орталық қақпаны жауып, аумаққа кіруге талпынғанын айтты. Трамп Чикагоға да әскер жіберуге дайын екенін айтқан.

Мұндай наразылықтар президент Дональд Трамп көші-қон заңнамасын күшейткен шақта болып отыр. Қылмыс жасамаған адамдардың жиі ұсталуын құқық қорғаушылар мен Трамптың саяси оппоненттері, көптеген қала басшылары сынаған.

XS
SM
MD
LG