Жексенбі, 14 желтоқсан күні Берлинде Украина мен АҚШ делегациялары келіссөз өткізді. Оған Украина президенті Владимир Зеленский, АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері — Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысты.
Келіссөз басталғанын жексенбі кешке Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады. Кездесудің ашылуына Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысты. Тараптар Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі жоспарды талқылаған.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф жексенбі күні бес сағатқа созылған кездесуде "айтарлықтай прогресске" қол жеткізілгенін және екі жақ дүйсенбі күні тағы кездесетінін мәлімдеді.
"Тараптар өкілдері бейбіт реттеу жоспары, экономикалық бағдарламалар және басқа да мәселелер бойынша терең дискуссия өткізді. Елеулі прогресске қол жетті, ертең таңертең қайта кездеседі", – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Берлинде келіссөздер басталғанын жексенбі күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский хабарлаған еді. Кездесудің ашылуына Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысқан.
Кушнер мен Уиткофф Берлинге келгенін 14 желтоқсан күні таңертең dpa және Associated Press агенттіктері хабарлаған. Келіссөзге Еуропаның жетекші елдерінің өкілдері де қатысады деп айтылған. Бұған дейін Дональд Трамп, егер мән-мағынасы болса, АҚШ өкілдері Еуропадағы келіссөздерге қатысуға дайын екенін айтқан.
Оның алдында Зеленский Берлинде "жақын күндері" маңызды келіссөздерге қатысатынын және Трамп президентінің өкілдерімен де кездесетінін растаған еді.
Кездесу қарсаңында журналистермен сөйлескен кезде Зеленский бейбітшілік келісімі жобасына қатысты кейінгі ұсыныстарына АҚШ тарабы әлі жауап бермегенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта НАТО елдері Украинаны альянс қатарына қабылдауға барлығы бірдей дайын емес. Сондықтан Киев, Зеленскийдің сөзінше, ымыра ретінде НАТО құрамына кірмей-ақ, АҚШ пен Еуропа қауіпсіздік кепілдіктерін берсе, соны қанағат тұтуға дайын. Бұған қоса ол бейбітшілік келісіміне ешбір тарап толықтай риза болмайтынын, бірақ ең бастысы – бейбітшілік орнағаннан кейін Ресейдің қайтадан басқыншылық жасауына жол бермеу екенін атап айтты.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары дереккөздерге сүйеніп, жоспардың көптеген тармақтары бойынша келісімге қол жеткенімен, әлі де шешімін таппаған бірқатар мәселе барын жазған. Атап айтқанда, Украина қарулы күштері Донецк облысынан шығарылсын деген Ресейдің талабына және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты мәселелерәлі талқылауды қажет етеді.
Кремль бұған дейін Украина НАТО-ға мүше болу ниетінен бас тартсын, Украина аумағында НАТО елдерінің әскери күштері болмасын, сондай-ақ Донецк және Луганск облыстары толық Ресейдің бақылауында болсын деген талап қойған.