Accessibility links

Трамп, Маск пен Вэнс Чарли Киркпен қоштасу шарасына қатысты


АҚШ президенті Дональд Трамп (сахнада) Чарли Киркпен қоштасу рәсімінде сөйлеп тұр. Аризона, АҚШ, 21 қыркүйек, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сахнада) Чарли Киркпен қоштасу рәсімінде сөйлеп тұр. Аризона, АҚШ, 21 қыркүйек, 2025 жыл.

21 қыркүйекте АҚШ-тың Аризона штатындағы Глендейл қаласындағы State Farm Stadium стадионында консервативті белсенді Чарли Киркпен қоштасу рәсімі өтті. Қастандықпен атып өлтірілген белсендімен қоштасуға АҚШ президенті Дональд Трамп, вице-президент Джей Ди Вэнс, миллиардер Илон Маск және ондаған мың адам қатысты.

Өз сөзінде Трамп Кирк "америкалық бостандық үшін жанын қиды" деп мәлімдеді. Ал Вэнс марқұмды "асыл рухты, ұлы мақсат көздеген миссионер" деп сипаттады.

Қоштасу рәсімінде Илон Маск та жұрттың көзіне түсті: ол біраз уақыт Трамптың жанында отырып, онымен қол алысып амандасты. Кейін әлеуметтік желіде президентпен бірге түскен суретті жариялап, "For Charlie" (Чарлиге арнау) деп жазды. Бұл маусым айында салық туралы заң жобасына бола президент пен миллиардердің арасында болған кикілжіңнен кейін екеуі татуласқан болуы мүмкін деген әңгімелердің таратуына тамызық болды.

31 жастағы блогер әрі белсенді Чарли Кирк 10 қыркүйекте Юта штатындағы университетте сөз сөйлеп тұрған сәтінде мойнына оқ тиіп, қаза тапты. Трамп бұны "жантүршігерлік" қылмыс деп атады.

Кирк 2024 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде Республикалық партия мен Дональд Трампқа жастардың кең қолдау танытуына ықпал еткен негізгі тұлғалардың бірі саналатын.

Оның қазасынан кейін Ақ үй алдында Кирк қалыптастырған жастарды жұмылдыру желісін сақтап қалу міндеті тұр. Reuters дерегінше, әкімшілік бұл бағыттағы жұмысты вице-президент Джей Ди Вэнске тапсыру және колледждерде тур ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Чарли Киркке жасалған қастандыққа күдікті ретінде 22 жастағы Тайлер Робинсон қамауға алынды. Ол тергеу барысында өз әрекетін "Кирк қоғамда тым көп өшпенділік қоздырды" деп түсіндірген.

XS
SM
MD
LG