АҚШ президенті Дональд Трамп TikTok-тың америкалық сегменті жөніндегі мәмілеге қатысып жатқан кейбір инвесторлардың аты-жөнін атады. Олардың қатарында Oracle компаниясының негізін салған Ларри Эллисон, Dell компаниясы басшысы Майкл Делл және 21st Century Fox медиахолдингінің иесі, News Corp корпорациясының негізін салған Руперт Мердоктың ұлы Лахлан Мердок бар.
Трамп бұл "аса ірі көлемдегі" қаржының мәмілесі екенін айтты.
Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ пен TikTok-тың қытайлық иесі ByteDance арасындағы келісім жобасы платформаның америкалық активтерін АҚШ инвесторларының бақылауына беруді көздейді. Оған қоса, деректерді қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара қарастырылған.
Жобаға сәйкес, АҚШ-тағы барлық қолданушылар деректері Oracle-дың басқаруындағы америкалық бұлт инфрақұрылымда сақталады. TikTok-тың ұсыныс алгоритмі "қорғалып, қайта бапталып, АҚШ аумағында ByteDance бақылауынсыз жұмыс істейтін болады".
Компания активтері америкалық инвесторлардың иелігіне өтеді және оларды жеті адамнан тұратын директорлар кеңесі басқарады. ByteDance тек бір өкіл тағайындап, акциялардың 20%-дан аз бөлігін ғана сақтап қалады. Бұл шаралар ұлттық қауіпсіздік пен киберқауіпсіздік саласындағы талаптарға сәйкес бақылауды қамтамасыз етуді көздейді.
Былтыр көктемде АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы егер TikTok ByteDance-тен бөлінбесе, онда оны ел аумағында бұғаттауға мүмкіндік беретін заң қабылдаған. Трамп бизнесті сату жайлы мәміле мерзімін бірнеше рет ұзартты. 16 қыркүйекте ол Қытай тарабымен келісімге қол жеткізгенін мәлімдеген, бірақ егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.