Accessibility links

Тоқаев Жапония премьер-министрімен келіссөз жүргізді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи. Токио, 18 желтоқсан, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи. Токио, 18 желтоқсан, 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді. Токиода өткен кездесуде тараптар сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту мәселесін талқылады. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

– Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде, – деді Тоқаев.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи Қазақстан президентінің ресми сапары екі елдің өзара қарым-қатынасын нығайта түсеріне сенім білдірді.

Тоқаев 2004 жылы «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болғанын, содан бері Орталық Азия елдері басшыларымен бір үстел басында кездесу дәстүрін басқа елдерде жалғастырғанын еске салды.

– Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізіп отыр. Токио, 18 желтоқсан, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізіп отыр. Токио, 18 желтоқсан, 2025 жыл.

Токиоға ресми сапары барысында Қазақстан президенті Жапония императоры Нарухитомен, Жапония парламенті мүшелерімен, Rakuten Group компаниясының басшысы Хироши Микитанимен және қазақ диаспорасының өкілдерімен кездескен.

Жапон ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, император сарайындағы түскі аста Жапония императоры Қазақстандағы су мәселесіне, былтыр елде болған су тасқынына және Каспий теңізінің тартылуына назар аударған. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі су мәселесін шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан қолдау сұрағанын айтқан.

19 желтоқсанда Токиода Такаичидің төрағалығымен «Орталық Азия + Жапония» саммиті өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары қатысады. Саммитте жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық аясы нақтыланып, Ресейді айналып өтіп, Каспий теңізі арқылы Еуропаға тауар таситын транзит жолын дамыту жайы талқыланбақ. Жапония премьері Орталық Азия елдері басшыларының әрқайсымен жеке кездесу өткізбек.

Жапония Ресей мен Қытайға бәсекелес пе? Қазақстан бұдан не ұтады? Сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:26 0:00
XS
SM
MD
LG