Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға барды. Онда оны АҚШ мемлекетті хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау қарсы алды.
Ақорданың хабарлауынша, 6 қарашада Тоқаев "президент Дональд Трамппен келіссөз жүргізіп, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысады".
Биыл 2015 жылы басталған "C5+1" платформасына 10 жыл толып отыр. Сарапшылардың болжамынша, Вашингтонда өтетін "Орталық Азия және АҚШ" саммитінде сирек металл мәселесі талқыға түсуі мүмкін. Қазан айында Пекин АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы аясында сирек металл экспортына шектеу қойып, Вашингтонның қазба байлығы мол Орталық Азияға қызығушылығы арта түскен. Дауланып отырған 17 элемент смартфоннан бастап ұшақ өндірісіне дейінгі озық технологиялы өнімдерде қолданылады.
Ал Орталық Азия елдері болса, Ресей, Қытай және Батыс мүдделері арасында тепе-теңдік ұстауға тырысып бағады.
Саммит қарсаңында штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Human Rights Watch ұйымы мәлімдеме жасап, Орталық Азияда репрессия, БАҚ пен билік сыншыларына қысым күшейгенін айтқан. АҚШ мемлекеттік департаментінің есебіне сүйенген HRW аймақтан азаптау, азаматтық белсенділер мен оппозиция қайраткерлерін жосықсыз ұстау туралы сенімді хабарлар түсіп жатыр; сөз еркіндігі қатты шектелген, журналистер қызметі үшін қудаланып отыр, жемқорлық кең тараған деді.
Ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон алдағы саммит қатысушыларын адам құқығы мәселесіне назар аударуға үндеді. Дегенмен сарапшылар бұл үндеудің еленуі екіталай дейді.