Қазақстанда Конституцияның 40-қа жуық бабы өзгереді. Бұл жөнінде парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады» деді Тоқаев.
Оның айтуынша, парламентті реформалаудың жай-жапсары кеңінен талқыланады, қоғамның пікірі жан-жақты сараланады.
Дегенмен парламент қазіргі екі палатаның орнына бір палатадан ғана тұратыны нақты айтылды. Тоқаев «бұл халықаралық үрдіске толық сай келеді» деді. Қазақстан президентінің айтуынша, әлем елдерінің үштен екісінде парламенттер бір палатадан тұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары жүрген конституциялық реформалар кезінде айтылған «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидасы сақталатынын айтты. Кей сарапшылар бұл қағида толық жүзеге аспағанын, биліктің барлық тетігі президент қолында қалғанын, парламенттің ықпалы артпағанын айтып сынаған. Ол реформада парламенттің қос палатасы арасындағы теңгерімге де көп көңіл бөлінген.
Қазақстан президенті парламентті реформалау қажеттігі жөнінде биылғы қыркүйекте халыққа жолдауында айтқан. "Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын" деген президент.
Кейін Тоқаевтың өкімімен парламентті реформалау бойынша жұмыс тобы құрылды. Оған парламент депутаттары, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері кірді.
Соңғы рет Қазақстанда Конституцияға 2022 жылы ауқымды өзгеріс енгізілген. 5 маусымда өткен референдум нәтижесінде негізгі заңның 33 бабы жаңарған.