Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлесті. Олар Тоқаевтың 12 қарашадағы Мәскеуге мемлекеттік сапарының жай-жапсарын пысықтаған. Бұл жөнінде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі айтты.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев пен Путин бұл сапар "екі елдің стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарын одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызды екеніне назар аударған".
Сонымен қатар президенттер "әлемдегі қазіргі ахуалдың кейбір аспектілерін қарастырған".
Кремль "екі жақтың күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды" деген қысқа хабар таратты.
Қазақстан мен Ресей президенттері телефонмен жиі сөйлеседі. Бұл – соңғы үш айдағы кемі төртінші тілдесу. Бұдан бұрын олар Владимир Путиннің туған күні – 7 қазанда әңгімелескен. Тоқаев әріптесін туған күнімен құттықтап, "Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік, достық және одақтастықты қалыптастыруға елеулі үлес қосқанын" атап өткен.
8 тамыздағы сұхбатта Путин Тоқаевқа АҚШ-тың арнайы уәкілі Стив Уиткофпен кездесу нәтижесін баяндаса, 17 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамппен Аляскадағы жүздесуінің жай-жапсарын айтып берген. Қыркүйектің соңындағы әңгімеде олар Тоқаевтың Мәскеуге сапарын талқылаған.
Осының алдында ғана Қазақстан президенті 6 қарашада Вашингтонда өтетін "АҚШ-Орталық Азия саммитіне" Дональд Трамптан шақыру алған. Тоқаев Трампқа "бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғауға ұмтылысын қолдайтынын" айтып жауап хат жіберген. Тоқаев пен Путин бұл саммитті талқылады ма, ол туралы айтылмайды.
Соңғы тәуліктерде Вашингтон мен Мәскеу арасындағы дипломатиялық текетірес ушыға түсті. 26 қазанда Кремльдің баспасөз қызметі ядролық күш қондырғысы бар құрлықаралық "Буревестник" қанатты зымыранын сынақтан өткізгенін хабарлады. АҚШ президенті Мәскеудің мұнысын "орынсыз" деп сынға алды. "Ол соғысты тоқтатуы керек. Бір аптада бітетін соғыс төртінші жыл жүріп жатыр. Зымыранды сынақтан өткізгенше, ол осымен айналысуы керек" деді Трамп.
Ресми Астана Ресейдің Украинаға агрессиясын ашық қолдаған да, қарсы шыққан да жоқ. Есесіне Қазақстан Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеп келеді. Тоқаев Луганск және Донецк облыстарында құрылған сепаратистік аймақтарды "квазимемлекеттер" деп атап, олардың тәуелсіздігін мойындамайтынын айтқан.