Accessibility links

Тоқаев "Орталық Азия - АҚШ" саммитіне Әзербайжанды қатыстыруды қолдады


Әзербайжан президенті Илхам Әлиев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2025 жылғы 21 қазан
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 2025 жылғы 21 қазан

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қарашада Вашингтонда өтетін "Орталық Азия — АҚШ" (C5+1) форматындағы саммитке Әзербайжанды қатыстыру идеясын қолдады.

Әзербайжандық Minval Politika басылымына берген комментариінде Тоқаев Бакудің өңірдегі маңызды рөлін атап өтіп, бұл елді "Үлкен Орталық Азияның табиғи бөлігі" деп атады.

"Мұндай маңызды форумға Әзербайжан да қатысқаны орынды деп санаймын. Энергетика ресурстарының молдығы, географиялық тұрғыда қолайлы орналасуы, стратегиялық ұстанымы және президент Илхам Әлиевтің саяси ерік-жігері арқасында бұл ел Оңтүстік Кавказда және одан тыс аймақта маңызды рөл атқарып, іс жүзінде өңірлік көлік, логистика және энергетика орталығына айналып келеді" деді Тоқаев.

Тоқаевтың айтуынша, Әзербайжан біртіндеп өңірлік процестерге араласып келеді және Орталық Азия елдері басшыларының саммиттеріне де бірнеше рет шақырылған. 2025 жылғы тамызда Астанада өткен кездесуде Баку өңірлік бастамалардың негізгі серіктесі деп танылды. Илхам Әлиевтің сөзінше, Әзербайжан мен Орталық Азия елдері "ортақ тарихи, мәдени және геосаяси кеңістікте" жатыр, оларды түркі халықтарының мәдени және стратегиялық мүдделер байланыстырады.

Әзербайжан Еуразияны жалғайтын энергетика және көлік хабы ретінде үлкен рөл атқарады. Баку Еуропаға мұнай мен газ экспортын ұлғайтып жатыр. Бұған қоса ол Қытай мен Орталық Азияны Кавказ арқылы Еуропамен байланыстыратын Транскаспий сауда бағыттарының күре жолында жатыр. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі бұл бағыттардың маңызы арта түсті. Қазақстан мен Әзербайжан өздерін Ресейді айналып өтетін жаңа логистикалық желінің басты ойыншылары ретінде танытқысы келеді.

Вашингтон да Транскаспий дәлізін дамытуға қызығушылық танытып отыр және алдағы саммитте бұл тақырыпты талқылауды жоспарлауда. Мақсат — өңірлік сауданы нығайту үшін Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арқылы логистикалық байланыстарды дамыту.

Орталық Азияның бес республикасымен шектелетін C5+1 саммитіне Әзербайжан қосыла ма, әзірге белгісіз.

  • АҚШ үкіметі Орталық Азиядағы бес елмен жан-жақты ынтымақтастықты нығайту үшін C5+1 платформасын 2015 жылы құрған. "С5+1" форматы деп те аталатын саммит 2023 жылы Нью-Йоркте Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының жиыны кезінде өткен. Оны АҚШ-тың сол кездегі президенті Джо Байден ұйымдастырған.
  • 27 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Азиядағы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшыларын C5+1 форматында кездесу үшін Вашигтонға шақырды. Тоқаев Трампқа сол үшін алғыс білдірді.
  • Өткен аптада АҚШ мемлекеттік департаменті "АҚШ Орталық Азиядағы әріптестерімізбен байланысты нығайту және сауда қатынасын кеңейту үшін жұмыс істеуді жалғастыра береді. Біз ынтымақтастығымызды кеңейтуді және АҚШ-Орталық Азия қатынастарының 10 жылдығын C5+1 дипломатиялық платформасы аясында атап өтуді асыға күтеміз" деп мәлімдеген.
  • Жақында АҚШ конгресі мүшелері президент Дональд Трампты биыл Орталық Азия елдерінің басшыларымен саммит өткізуге шақырған. Конгресс өкілдері "бұл бастама АҚШ-тың аймақтағы стратегиялық мақсаттарын — қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты, экономикалық байланыстарды, "жұмсақ күшті" және тиімді басқаруды ілгерілетуге бағытталуы керек" деген.
XS
SM
MD
LG