Қостанайда "Бопсалау" бабы бойынша күдікке ілініп, қамалған блогер Миршат Сәрсенбаевтың ісі бойынша сот басталды. Tobolinfo.kz сайтының жазуынша, ол сәрсенбі күнгі сотта үзіліс кезінде қамау жағдайы мен медициналық көмек көрсетілмеуіне қарсылық ретінде аштық жариялағанын айтқан. Ол екі күннен бері ас-су ішпей отырғанын жеткізген.
"Колония бастығының уәдесіне қарамастан мені санитарлық бөлімге жібермей жатқанына екі күн болды. Қан қысымын өлшей алмай отырмын, мен гипертоникпін, менде қант диабетінің екінші түрі де бар. Маған қысым жасап жатыр. Тамыз айының соңында тергеу кезінде мекемеде өртке қатысты сигнализация мен өрт сөндіру құралдары жоғын айтқанмын, содан кейін басталды. Содан бері маған жоқ ережебұзушылықтарды таңып жатыр, күндіз ұйықтайсың дейді, тез-тез бір скриншоттарды көрсетеді. Ереже бұзғаны туралы қаулының көшірмесін көрсетпейді" дейді ол.
Ол мұны тергеу изоляторындағы белсенділігімен де байланыстырады. Басылымның жазуынша, 23 қыркүйектен бері Сәрсенбаев тәртіптік қамау изоляторына қамалған. Онда блогер таза су жоғын, камерада суық әрі ылғал екенін айтады. Дәретханаларға бақылау камералары орнатылған. Оны кешкі тамақ пен серуендеу құқығынан айырған. Оны сотталушылармен бір камераға отырғызған.
Қостанай полициясы әзірге Сәрсенбаевтың шағымына қатысты реакция білдірмеді.
Басылымның жазуынша, Қарабалық тұрғыны Миршат Сәрсенбаев бірнеше жылдан бері YouTube-тағы "Миршат Сәрсенбаевтың қолайсыз сұрақтары" атты арнаны жүргізіп келеді. Ол өзіне хабарласқан тұрғындардың мәселелері туралы видео түсірген.
Биыл ақпанда ол Қарабалық құс фабрикасының қоқыс орны жөнінде видео жариялаған. Ізінше бес күннен кейін ұсталған. Сот оны қамауға алуға санкция берді. Оған "Қорқытып алу" бабы бойынша айып тайылған. Бұл істе жәбірленуші жақ құс фабрикасы танылған.
Блогер мен оның жақындарының айтуынша, блогер ақша алмаған, мәселені қоғамға жеткізу үшін видео жариялаған.