Accessibility links

Ресейдің Сириядағы әрекетіне қазақстандық көзқарас


Сириядағы «Ахрар аль-Шам» тобы бақылайтын аумақтағы өртеніп жатқан көлік. Белсенділер бұл маңды ресейлік ұшақтар бомбалағанын айтады. Идлиб қаласы маңы, 1 қазан 2015 жыл.
Сириядағы «Ахрар аль-Шам» тобы бақылайтын аумақтағы өртеніп жатқан көлік. Белсенділер бұл маңды ресейлік ұшақтар бомбалағанын айтады. Идлиб қаласы маңы, 1 қазан 2015 жыл.

​НАТО Ресейдің Сириядағы әуе соққысына қатысты алаңдайды. Кейбір қазақстандық сарапшылар Ресей НАТО-ның оңтүстік шекарасындағы өз позициясын нығайтып жатыр деп болжайды. Өзге сарапшылар Ресейдің Сириядағы соққысының негізгі мақсаты басқа деп есептейді.

Ресей қыркүйектің 30-ы күні Сирияға әуеден соққы берді. Іле-шала Солтүстік Атлантика альянсы (НАТО) Ресей әскери-әуе күштерінің Сириядағы әрекетіне қатысты алаңдаушылық білдірді. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ-қа сапары кезінде «Ресейдің жойғыш ұшақтарының «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы содырларын емес, Сирия президенті Башар Асадқа қарсы оппозицияны бомбалауы – алаңдататын жайт» деді. Америкалық сенатор Джон Маккейн Ресейдің Сириядағы әуе шабуылы АҚШ қолдайтын «Сирия азаттық армиясы» бөлімшелеріне қарсы бағытталып отыр деп мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин Ресей әуе шабуылы салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза табуы туралы тараған хабарларды «ақпараттық шабуыл» деп атады. Кеше ол Ресей қорғаныс министрлігі мен Пентагон арасында Сириядағы операцияға қатысты байланыс орнаған деп мәлімдеген.

Кейбір қазақстандық сарапшылар Ресей ИМ ұйымына қарсы соғысып қана қоймай, НАТО-ның оңтүстік шекарасына таяу позицияларын да нығайтуға кірісті деп болжайды. Өзге сарапшылар бұл пікірді құптамайды.

ГЕНЕРАЛ РЕСЕЙ ҰШАҚТАРЫН МАҚТАЙДЫ

Қазақстан әскери-әуе күштері қолбасшысының қару-жарақ жөніндегі бұрынғы орынбасары, авиация генерал-майоры Сармантай Нұрғажин ИМ ұйымы содырлары позицияларына соққы беру үшін Ресей сәрсенбі күні қолданған шабуылдаушы ұшақтардың тактикалық және техникалық сипаттамалары жайлы ғана айтуға келісім берді.

Сирияның Хмеймим әуежайындағы ресейлік СУ ұшағы. 1 қазан 2015 жыл.
Сирияның Хмеймим әуежайындағы ресейлік СУ ұшағы. 1 қазан 2015 жыл.

Авиация генерал-майорының айтуынша, Ресей АҚШ-тың «Стингер» жылжымалы зенитті-зымыран кешендерінің кесірінен ауған соғысында жеңіліп қалған Совет Одағының қасіретті тәжірибесін ескерген. Сондықтан оның айтуынша, Ресей Сирияда 6 мың метр биіктен соққы бере алатын әрі содырлардың қолында «Стингер» болса, олар атып түсіре алмайтын Су-24 шабуылдаушы ұшақтарын қолданған.

Сармантай Нұрғажин Су-24 шабуылдаушы ұшағын «көздеген нысананы «кілем төсегендей» дәл бомбалауға қабілетті» деп мақтайды. Яғни шабуылдаушы ұшақ ретсіз бомбалай бермей, бір мезетте 40 нысананы көздеп соққы береді.

Авиация генералы Нұрғажиннің айтуынша, Ресей бұдан ертеректе Қырымда «4++» (қос плюс таңбасы ұшақтың бесінші буын модификациясына жақындығын білдіреді) буынына жататын көп нысаналы Су-30СМ ауыр жойғыштарын орналастырған. Олардың алысқа ұшу қабілеті Қара теңіз ғана емес, Жерорта теңізіндегі де әскери міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Генерал Нұрғажиннің айтуынша, Ресей енді Жерорта теңізі жағалауындағы Сириядағы әскери-теңіз базасын соғыс ұшақтарымен нығайтып жатыр.​

ИНФОГРАФИКА: Ресейдің Сирияны бомбалауы

БҰРЫНҒЫ КҮШ-ҚУАТТЫ АҢСАУ МА?

Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенғұлов Ресей НАТО-ның оңтүстік шекарасына таяу позицияларын нығайтуға кіріскені дұрыс деп санайды. Оның айтуынша, НАТО әскери-саяси блогы Совет Одағы кезінде, Михаил Горбачевтің билігі тұсында «шығысқа қарай кеңеймейміз» деп уәде еткен, бірақ іс жүзінде керісінше болып, Варшава шарты ыдырағаннан кейін Еуропаның бұрынғы социалистік елдері НАТО құрамына кірген.

Генерал Айтқали Есенғұлов «Ресейдің әуелі Қырымды аннексиялап, енді Сириядағы ықпалын күшейту арқылы НАТО-ға қарсы қимылдаудан басқа амалы қалмады» деп түйіндейді.

Генералдың бұл пікірін парламент депутаты Владислав Косарев те құптайды. Ол Совет Одағының күш-қуатын сағынышпен еске алады. «1956 жылы біздің әскери бөлім бірнеше күн жауынгерлік әзірлік жағдайында болып, Суэц каналын қорғау үшін Египетке аттануға дайындалдық. Бірақ дағдарыс Совет Одағы мен АҚШ басшылары деңгейінде реттелген соң бөлімді Египетке жібермей қалды» дейді парламенттің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшесі Владислав Косарев.

Алексей Кустовскийдің карикатурасы.
Алексей Кустовскийдің карикатурасы.

Қазақстан қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы орынбасары Төлеген Жүкеев Ресей президентінің «сириялық» шешімінің астарында СССР ғана емес, патшалық Ресейдің бұрынғы күш-қуатын аңсау жатуы мүмкін деп болжайды. Ол АҚШ президенті Барак Обаманың Ресейді «аймақтық держава» деп атауы Путиннің шамына тиген болуы керек деп санайды. Оның пікірінше, Путин әлем Ресейді ұлы держава ретінде мойындаса деп армандайды әрі қазіргі дағдарысқа дейін Путиннің мұндай «неоимпериялық амбицияларының» әскери және экономикалық кейбір негіздері бар болатын.

– Енді әлемдік жағдай қиындаған кезде Ресей басшылығы Сирияда ашылған мүмкіндікті Ресейді әлемге ұлы держава ретінде таныту үшін пайдаланғысы келеді. Кезінде әсіресе Таяу Шығыста рөлі мықты болған Совет Одағы заманындағыдай, – дейді Төлеген Жүкеев.

Қазақ-неміс университеті профессоры Рустам Бурнашев «Ресейдің көздегені НАТО әскери-саяси альянсының оңтүстік шекарасына таяу позицияларын нығайту емес. Ресейге НАТО-дан төнетін қауіп жоқ» деп санайды. Бурнашевтің болжамынша, Кремль Сирия режиміне әскери қолдау көрсету арқылы әуелі Таяу Шығыстағы ықпалын қалпына келтіруге тырыспақ.​

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG