Accessibility links

Судандағы берекетсіздікке Ресейдің не қатысы бар?


Жылдам әрекет ету күштері пен әскер арасындағы қақтығыстың салдарынан Хартум әуежайынан осындай түтін шықты. Судан, 17 сәуір 2023 жыл.
Жылдам әрекет ету күштері пен әскер арасындағы қақтығыстың салдарынан Хартум әуежайынан осындай түтін шықты. Судан, 17 сәуір 2023 жыл.

Судандағы азаматтық соғысқа қатысып жатқан әртүрлі топтар бір кездері одақтас болған, қазір әскери қарсыласқа айналды. Бұған Ресей мен "Вагнер" тобының не қатысы бар?

Судан астанасында бейбіт халық әйнек сынығы мен қаңғыған оқ тиіп кете ме деп үйден шықпайды. Хартумда сауда тоқтап қалған. Су мен жарық жиі өшеді. 5 миллионға жуық халық тұратын қаланың әртүрлі бөлігінде және әуежай маңында қанды қақтығыс басталған. Аспаннан бомбалаушы ұшақтар көрінеді.

Бір кездері одақтас болған әскери топтар енді өзара қырқысып, қаланы, елдің пайдалы қазбалар, оның ішінде алтын экспорты саласын қолға алу үшін күресіп жатыр.

Солтүстік-шығыс Африка елінің басқа өңірлерінде де халықтың тынышы кеткен.

Төрт күн бұрын басталған зорлық тоқтамай, Судан астанасы күннен-күнге азаматтық соғыс алаңына айналып барады.

Суданның қос генералы бастаған әскери топтар билікті бөлісе алмай жатқанда, көп жылдан бері көлеңкеде қалып келген тағы бір ойыншы көзге түсті. Ол – Суданның саясаты мен саудасына бұрыннан араласып жүрген, Қызыл теңіздегі базасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі Ресей.

Әзірге Хартумдағы қақтығысқа Мәскеудің қатысы барын растайтын дәлелдер жоқ. Кремльмен және Ресейдің қорғаныс министрлігімен тығыз байланысты "Вагнер" жалдамалы әскерінің Судандағы алтын шахталарынан пайда көргені туралы да сенімді ақпарат аз.

Бірақ сарапшылар Судандағы тәртіпсіздікке Ресейдің қатысы бар деп топшылайды. Олай болмаған күннің өзінде, Кремль Судандағы тұрақсыздықтың мейлінше ұзаққа созылуына мүдделі дейді.

Азаттық Ресейдің Суданмен байланысын және Судандағы қазіргі саяси тұрақсыздық қалай басталғанын түсіндіреді.

АЗАМАТ СОҒЫСЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Суданды 30 жыл бойы диктатор Омар әл-Башир басқарған. Ол батыстағы Дарфура өңірінде жаппай тонау, зорлау және кісі өлтіру науқанын ұйымдастыруымен есте қалды. 2009 жылы Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Омар әл-Баширді жауапқа тартпақ болды. Судан басшысы – биліктен кетпей тұрып халықаралық деңгейде айыпталған алғашқы президент.

2019 жылы президенттің отставкасын талап етуден басталған жаппай наразылық мемлекеттік төңкеріске ұласып, сәуірде әл-Баширді қуып шыққан топ елді өз бақылауына алды. Кейінірек уақытша әскери-азаматтық кеңес құрылды. Екі жылдан кейін 2021 жылы қазанда үкімет түгел әскерилердің қолына өтті.

Мемлекеттік төңкерістің артында Судан әскерінің бас қолбасшысы, генерал Әбдел Фаттах әл-Бурхан және оның орынбасары, генерал, "Жылдам әрекет ету күштері" әскери тобының басшысы Мұхамед Хамдан Дагло тұрды. Дагло Хемедти деген лақап атымен танымал.

Мұхамед Хамдан Дагло (жоғарыда) мен Әбдел Фаттах әл-Бурхан.
Мұхамед Хамдан Дагло (жоғарыда) мен Әбдел Фаттах әл-Бурхан.

Суданды зерттеуші, АҚШ-тың Тафтс университетіндегі бүкіләлемдік бейбітшілік қорының директоры Алекс де Ваалдың айтуынша, Хемедти күштері Дарфурдағы айуандыққа қатысқан, осыдан кейін әл-Баширге айып тағылған.

"Олар айналдырған 10 жыл ішінде Хартумдағы басым күшке айналды. Хемедти Судандағы қатыгез саяси нарықтың беткеұстар тұлғасы болды" дейді ол.

Былтыр желтоқсанда Батыс пен Африка елдерінің қысымымен билікті біртіндеп азаматтық қоғамның бақылауына беретін келісімге қол қойылды.

Судандағы ықпалды тұлғалар арасында алаңдаушылық артып, әскери топтар ішінде шиеленіс күшейді. 15 сәуірде әл-Бурхан мен Хемедтиге қарайтын күштер арасында қақтығыс басталып кетті.

Бұған "Вагнердің" не қатысы бар?

2017 қарашада Хемедти күштері Дарфурдағы Жебел әмер ауданындағы алтын шахталарын басып алды. Дүниежүзілік бейбітшілік қорының дерегінше, экспорт табысының көп бөлігі осы шахтадағы алтын саудасынан түседі.

Бес айдан кейін 2018 жылы 24 сәуірде "Вагнер" әскери тобының негізін қалаушы Евгений Пригожин екі күзетшісімен Мәскеуден Хартумға ұшып барған.

Бұл туралы алғаш рет "Новая газета" жазды. Пригожин көп жыл бойы Суданнан бөлек, Оңтүстік Африка Республикасы, Мозамбик, Ливия сияқты Африка елдеріне ұшып жүрді. Кей мемлекеттерде "Вагнер" жауынгерлері жұмыс істей бастады.

Францияның Le Monde журналының дерегінше, 2018 жылы тамызда Пригожин Хартумға барып, Оңтүстік Африка Республикасындағы әскери топтардың басшыларымен кездескен. 31 тамызда Ресейдің сыртқы істер министрлігі Орталық Африка Республикасында ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін "Хартум декларациясы" жасалып, "Орталық Африкалық оппозициялық бірлестік" құрылғанын мәлімдеді.

БҰҰ дерегінше, содан бері "Вагнер" жауынгерлері Орталық Африка Республикасында жиі бой көрсетіп, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз еткені үшін минералды ресурстар қорына қол жеткізген.

"Вагнер" тобы Суданда көзге түсе қоймағанымен, Батыс елдері Ресейдің Африкадағы белсенділігіне алаңдаушылықпен қарады.

Вашингтонда орналасқан C4ADS зерттеу ұйымының дерегінше, 2017 жылдың соңында Омар әл-Башир Владимир Путинмен кездескенде Судандағы алтын шахталары Пригожиннің қолына өткен болуы мүмкін.

"Вагнер" тобының негізін қалаушы Евгений Пригожин.
"Вагнер" тобының негізін қалаушы Евгений Пригожин.

Пригожиннің "Ресейдің тролльдер фабрикасы" деген атпен танылған интернетті зерттеу агенттігінде істеген Михаил Потепкин Судандағы операцияларды басқарған адам деп көрсетіледі.

Ресейдің CIT зерттеу тобы 2018 жылдың соңында «Вагнердің» күзетшілері Хартумдағы наразылықты басуға қатысқанын анықтаған. Кейін бұл наразылық өршіп, әл-Баширдің биліктен кетуіне әсер етті.

The New York Times басылымының Лондонда орналасқан, ресейлік кәсіпкер Михаил Ходорковский қаржыландыратын Dossier Center оппозициялық зерттеу ұйымынан алған құжаттарына сәйкес, "Вагнердің" кеңесшілері әл-Баширге үкіметке қарсы наразылықты басу үшін әлеуметтік желіде науқан жүргізуге кеңес берген.

CNN дерегінше, "Вагнер" тобының бұрынғы командирі Александр Кузнецов Суданда алтын өндіру операциясын басқарған. Кузнецов Пригожинмен ықтимал байланысы үшін Еуроодақ пен Ұлыбританияның санкциясына ілікті.

Қызыл теңіз жағасындағы Порт-Судан қаласында жұрт Әбдел Фаттах әл-Бурхан сарбаздарына қошемет көрсетіп тұр. 16 сәуір 2023 жыл.
Қызыл теңіз жағасындағы Порт-Судан қаласында жұрт Әбдел Фаттах әл-Бурхан сарбаздарына қошемет көрсетіп тұр. 16 сәуір 2023 жыл.

"Новая газетаның" мәліметінше, әл-Башир тақтан тайғаннан кейін бір аптадан соң Ресейдің жоғары шенді әскерилері Пригожинмен байланысты компанияның атына тіркелген корпорациялық ұшақпен Хартумға ұшқан. Ұшақта Пригожин болды ма, жоқ па, белгісіз. Кейін Суданның өкілетті тұлғалары, оның ішінде Хемедтидің ағасы да Мәскеуге осы ұшақпен қатынаған.

2019 жылы маусымда Судан қауіпсіздік күштері (ішінде Хемедти басқаратын әскери топ та бар) Хартумдағы наразыларды тарату үшін бейбіт халыққа оқ атып, көзден жас ағызатын газ қолданған. Алдын ала дерек бойынша, 100-ден астам адам өлген.

Times Пригожиннің Судандағы Meroe Gold компаниясы Хемедтидің отбасына қарайтын компанияға шетелден 13 тонна қалқан, каска, таяқша алдырды деп жазды.

2020 жылы АҚШ-тың қаржы министрлігі Судандағы және басқа да елдердегі қызметі үшін Пригожиннің кей компаниялары мен қызметкерлеріне (мысалы, Meroe Gold және Михаил Потепкинге) санкция салды.

Ведомство жариялаған мәлімдемеде "Пригожиннің Судандағы рөлі Ресейдің әскери операциялары, авторитар режимді қолдауы мен табиғи ресурстарды пайдалануы арасында байланыс барын көрсетеді. Бұл компаниялар Пригожиннің операцияларына көмектесіп, Судандағы демократиялық реформаларға ұмтылған наразыларды басып-жаншуға тырысты" делінген.

18 сәуірде Пригожин телеграм-арнасында журналистер сұрағына жауап беріп,

"100 пайыз сеніммен айта аламын, сөзімді кез келген жерге жазып алсаңдар болады, қазір Суданда "Вагнердің" бірде-бір жауынгері жоқ. Кейінгі екі жылдан бері солай" деді.

РЕСЕЙДІҢ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ

Суданның Қызыл теңіз бойындағы 850 шақырымдық жағалауы мүлде игерілмеген. Қазір елде халықаралық сауда жүргізуге мүмкіндік беретін Судан порты ғана бар. Экспорт пен импорттың 90 пайызы осы порт арқылы жүреді.

2020 жылы қарашада Путин Судан портының бір бөлігін 25 жылға жалға алып, әскери база салатынын айтты.

Келісім жүзеге асса, бұл Ресейдің шетелдегі екінші порты (біріншісі Сириядағы Тартуста орналасқан) болар еді. АҚШ пен Батыс елдеріне бұл жаңалық ұнамады.

Жеке хабарламада нысанда 300 адам жұмыспен қамтылып, төрт әскери кемеге, оның ішінде ядролық қаруы бар қайыққа орын табылады деп жазылды. Келісімшартта нысанды қорғау үшін Ресей Суданға қару-жарақ жібереді деген бөлім бар.

Судандағы саяси тұрақсыздыққа байланысты келісім 2022 жылға қалды. Ресей Украинаға басып кірерден бір күн бұрын Хемедти Судан министрлерімен бірге Мәскеуге барып, құпия келіссөз жүргізіп қайтты. Ол бір аптадан кейін Хартумға оралып, журналистерге әскери база құру идеясын қолдайтынын айтты.

"Қандай да бір мемлекет әскери база ашқысы келсе және бұл бізге қауіпті болмаса, орыс па, басқасы ма, қарсы емеспіз, ешкіммен алакөздігіміз жоқ" деді ол.

Биыл ақпанда Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Африканың бірнеше мемлекетіне сапары кезінде Хартумға да соғып қайтты. Осыдан кейін Суданның екі министрі әскери-теңіз базасын құру бойынша келісім аяқталуға жақын деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG