Accessibility links

Солтүстік Корея алғаш рет құрлықаралық ракетасын көрсетті


Құрлықаралық "Хвасон-20" ракетасы.
Құрлықаралық "Хвасон-20" ракетасы.

Солтүстік Корея билігі 11 қазанда Пхеньянда әскери парад өткізіп, құрлықаралық ракетасын көрсетті. Мемлекеттік Кореяның орталық телеграф агенттігі шарада көрсетілген "Хвасон-20" ракетасын "ең қуатты ядролық стратегиялық қару" деп сипаттады. Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын өз сөзінде қарулы күштерді "кез келген қауіп-қатерді" жоя алатын "жеңілмейтін" бірлестік болуға шақырды.

Әскери парад Ким Ир Сен атындағы алаңда өтті. Оға шақырылған қонақтар арасында Қытайдың премьер-министрі Ли Цян, Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев, Вьетнам коммунистік партиясының бас хатшысы То Лам да бар.

Ресми ақпарат құралдары таратқан суреттердің бірінде олардың Ким Чен Ынмен қатар тұрғаны көрінеді. Тағы бір суретте "Хвасон-20" ракетасының қолдарына Солтүстік Кореяның туын ұстаған халықтың арасынан өткізілгені байқалады.

Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат агенттігінің жазуынша, "Хвасон-20" ракетасы алысқа ұшып, "АҚШ аумағындағы нысандарды жоя алады". "Хвасон-20"-дан бөлек, парадта өзге де қару түрлері таныстырылды, арасында дыбыстан да жылдам ұшатын ракеталар да бар.

Ким Чен Ын өз сөзінде солтүстіккореялық әскердің "халықаралық дәрежеде әділдік пен шынайы бейбітшілік үшін шетелдегі соғыста" "жеңіске жеткенін" атап өткен. Халықаралық қауымдастықтан оқшауланған санкцияға ұшыраған Солтүстік Корея соңғы рет осындай ірі парадты 2023 жылы өткізген.

Қыркүйектің басында Ким Чен Ын Пекинге барып, онда Ресей басшысы Владимир Путин және Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бірге Қытай әскерінің әскери парадын тамашалаған еді. Пхеньяндағы екі жақты кездесу кезінде Қытай мен Солтүстік Корея әріптестікті нығайтуға ниетті екенін растады.

Солтүстік Корея Украинаға басып кірген Ресейге соғыста көмектесіп жатыр. Бастапқыда Солтүстік Корея Ресейге ракеталар мен артиллериялық оқ-дәрі жеткізген, кейін бірнеше мың әскерін жіберген. Олар Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысты.

Жұма күні Ким Чен Ын Дмитрий Медведевпен келіссөз өткізген. Ол "солтүстіккореялықтардың Ресей үшін соғыста өздерін құрбан етуі" екі ел арасындағы сенімді айғақтайды деп мәлімдеді. Ал Ким Ресеймен әріптестікті нығайтуға бейіл екенін және "ортақ мақсатқа жету үшін түрлі бағдарламалармен алмасуға" белсене қатысатынын айтты.

XS
SM
MD
LG