Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 12 тілшісінің аккредитация мерзімін үш айға созды. Алайда Азаттық жаздан бері соттасып келе жатқан 16 тілшінің аккредитациясына қатысты мәселе әлі шешілген жоқ.
Аккредитациясы созылғандар арасында Азаттықтың Қазақ қызметінің және "Настоящее время" арнасының тілшілері бар.
Өткен аптада ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы адамзат өлшемі жиынында елдегі санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі Азаттық тілшілерінің аккредитация ала алмауы мәселесін бірқатар құқық қорғаушылар мен белсенділер қозғаған. Олар ЕҚЫҰ-дан осы мәселеге назар аударуды сұраған еді. Атап айтқанда, "Құқықтық медиа орталықтың" заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстан билігінің журналистерге аккредитация бермеу кейсін елдің халықаралық қауымдастық алдындағы міндетін орындамау ретінде тануды сұраған еді.
“Сот шешімімен қазақстандық 16 журналист шетел журналисіне теңестіріліп, оларды кәсіби міндетімен айналысу құқығынан айырды. Қазір мәселе редакцияның жартысы туралы болып отыр. 14 қазанда келесі журналистерге аккредитация беру мәселесі шешіледі. Қазір Азаттық пен Қазақстан СІМ арасында сот жүріп жатыр. Азаттық тілшілері жұмысына орала ала ма, жоқ па, білмейміз” деді заңгер.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Азаттық тілшілерінің бір бөлігіне ғана жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал қалған 16 журналист аккредитация алған жоқ.
Бұған дейін Азат Еуропа / Азаттықтың Қазақ қызметі өз тілшілеріне аккредитация бермеген Қазақстан сыртқы істер министрлігі үстінен сотқа шағым түсірген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттық журналистері аккредитациясы болмаса да жұмыс істеп, заң талаптарын бұзды деген. Ал Азаттық аккредитация беру туралы өтінішті уақытында берсе де, оны қарау мерзімін ведомствоның өзі негізсіз ұзартқанын айтқан.
20 тамыз күні Астана қаласының ауданаралық арнаулы әкімшілік соты Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) жеті қызметкерінің Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің шешіміне қарсы берген талап-арызын қанағаттандырмай тастаған. Ал 17 қыркүйекте Астана соты Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өтінішімен Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ қызметінің аккредитацияға қатысты шағымын қарауды тоқтатты.
Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін журналистерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырған.