4 қараша күні Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жолда көлік апаты салдарынан бес кісі қаза болып, бір адам зардап шекті. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өскемен-Риддер бағытындағы көлік жолының 48-шақырымында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысқан. Бес адам опат болып, бір кісі ауруханаға жеткізілген.
Полиция қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған.
Облыстық полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін сақтауға, жылдамдықты белгіленген шамадан асырмауға, ауа райы жағдайы мен техникалық қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырды.
Биыл күзде Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны ондаған адамға жетіп отыр. 23 қазан күні Ақтөбе өңірінде Самара-Шымкент бағытындағы жолда жүк көлігі мен "Газель" автомобилі соқтығысқан. Апат салдарынан 12 адам мерт болды, арасында кәмелетке толмаған екі бала бар. 3 қазанда Абай облысында Омбы-Майқапшағай тас жолында болған жол апатынан 4 адам көз жұмды.
14 қыркүйекке қараған түні Алматы-Өскемен тас жолында үш көлік соқтығысып, 10 адам қаза тапты. Содан бір күн бұрын Қарағанды – Аягөз – Боғас бағытындағы жол бойында Ford Mondeo көлігі қарсы бетке шығып кетіп, Changan көлігіне соғылған. Салдарынан бес адам опат болды. 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында минивен аударылып, 10 адам қазаға ұшырады.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2500 адам жол апатынан қаза табады. Елде 1991 жылдан бері жол-көлік апатынан опат болған адам саны бірде 4 мыңға өсіп, бірде 2 мыңға дейін кеміп отырған. Кейінгі төрт жылдағы есепке сәйкес, адам шығыны баяу өсіп келеді.
2022 жылы – 2425 адам;
2023 жылы – 2543 адам;
2024 жылы– 2579 адам қаза болған.