Accessibility links

Шығыс Қазақстан облысында бірнеше ауыл таратылды


Қазақстандағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.
Қазақстандағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысында жергілікті мәслихат Алтай және Шемонаиха аудандарында бірнеше ауылды тарату туралы шешім қабылдады деп жазды Informburo.kz сайты.

Атап айтқанда, Алтай ауданында үш ауыл: Соловьев ауылдық округіне қарасты Ленинск, Малеев ауылдық округіндегі Ландман және Парыгин ауылдық округіндегі Кутиха ауылдары таратылған.

"Таратылған ауылдар енді іргелес елді мекендердің құрамына кірді. Ленинск – Подорленок ауылының, Ландман – Малеевск ауылының, ал Кутиха – Парыгино ауылының құрамына қосылды. Шемонаиха ауданында екі елді мекен картадан жойылды. Заречное ауылы – Усть-Таловка кентінің құрамына енсе, Рулиха станциясы – Каменев ауылдық округіне қарасты ауыл құрамына қосылды" деп жазылған мәслихат хабарламасында.

Сайттың жазуынша, Қазақстанда кейінгі бір жылда 149 ауыл таратылған. Бұл жағынан Солтүстік Қазақстан облысы бірінші орында тұр. Ол жақта бір жылда 45 елді мекен жабылған.

Көктемде Ақмола облысында бірнеше ауыл таратылатыны хабарланған. Олардың көбінде тұратындардың саны 50-ге де жетпейтіні айтылған. Кей мамандар Қазақстанда қалада тұратын халықтың саны 2030 жылы 13 пайызға көбейетінін айтып отыр. Урбанизация процесіне жұмыс табу мүмкіндігі, білім мен әлеуметтік қызмет сапасы сияқты жайттар әсер етеді.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 20,3 миллион тұрғын бар. Олардың 62 пайызы қалалық жерде тұрады. Ауыл тұрғындарының саны жыл сайын азайып барады.

XS
SM
MD
LG