Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ішкі инфляцияның теңгеге әсері туралы айтты.
"[Валюта] бағамы абстрактілі мәселе ғана емес. Ол сонымен бірге елдің экономикалық ахуалына әсер ететін іс жүзінде нәзік сұрақ. Нақты жағдайда валюта бағамының өсуі – импортталатын тауарлар құнының өсуі есебінен туындаған ішкі инфляцияның қосымша факторы. Бұл айдан анық. Бір мезетте ішкі инфляция да біраз өскен. Ол валюта бағамына әсер етіп, теңгені әлсіретеді" деді спикер жұма күні сенат отырысында.
Кейінгі айларда Қазақстанда теңге құнсызданып, доллар қымбаттаған. Қарашада бір доллар құны 500 теңгеден асып, желтоқсан басында Қазақстан қалаларында айырбастау пунктерінде рекордтық көрсеткішке жетті (кейбір жерде 530-ға дейін жетті).
Еуразия экономика одағында Қазақстанның экономикалық серіктесі саналатын көрші Ресейде рубль құлағаннан кейін теңге де құлдыраған. Ресейлік экономистер рубльдің арзандауына жуырда ресейлік "Газпромбанкке" салынған санкция мен сыртқы саяси ахуалдың ушығуы, оның ішінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысында жағдайдың ширығуы себеп болып отыр деп санайды.
Теңгенің әлсіреуін мамандар сонымен бірге АҚШ-та Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісімен байланыстырады.
16 қарашадан бастап Қазақстан ұлттық банкі миллиард доллар сатып, валюта нарығында интервенция жасаған. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, интервенция күрт өзгерістер, спекулятивтік немесе нарықтық емес факторлар туындаған шақта жасалады. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, соңғы рет интервенция 2022 жылы көктемде жүргізілген.
Үкімет 2025 жылы жалпы ішкі өнім 5,6%, инфляция 5,5-7,5% аралығында болады деп болжайды. Өткен аптада Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 14,25%-дан 15,25%-ға дейін көтерген. Жаңа болжамға сәйкес, 2024 жылы инфляция 8-9% деңгейінде болады. Ол өсу жағына қарай 2025 жылы – 6,5-8,5%-ға дейін, 2026 жылы 5,5-7,5% дейін қайта қаралған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызға дейін өскен. Бұған халықаралық нарықта азық-түлік бағасының қымбаттауы, доллар бағамының құбылмалығы мен Ресейдегі инфляция әсер еткен.