Accessibility links

Семейде сот төтенше жағдай департаментінің бұрынғы бастығына әкім сайлауына қатысуға рұқсат бермеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сайлау комиссиясы мен мемлекеттік қызмет істер агенттігінің шешімін қолдап, облыстық төтенше жағдай департаментінің бұрынғы бастығы Бақытбек Байбуровқа әкім сайлауына кандидат ретінде тіркелуге рұқсат бермеді. Судья Қуаныш Бегахметов жергілікті сайлау комиссиясының шешімін құптады. Бұл жөнінде Bes.media сайты жазды.

Бақытбек Байбуров өзін кандидат ретінде тіркемеу азаматтық құқығына қайшы деп санайды, себебі айтуынша, төтенше жағдай саласында жетекші ретінде 30 жылдан астам уақыт қызмет атқарған.

Ал мемлекеттік қызмет істер агенттігі кандидаттардың басқару саласында үш жыл тәжірибесі болуы керек екенін алға тартқан, ал Байбуровтың басқару тәжірибесі үш жылға жетпейді (шамамен бір жыл он ай). Агенттік оның орынбасар ретінде атқарған қызметін есептемеген, себебі Байбуровта толық әкімшілік өкілет болмаған.

Бейсенбі, 18 қыркүйекте тараптардың пікірін тыңдаған судья Қуаныш Бегахметов оны кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан жергілікті сайлау комиссиясының шешімін жөн деп тапты. Байбуровтың апелляциялық шағым жазуына үш күн уақыты бар.

Байбуров сайтқа берген сұхбатында сот шешімін құқық қорғаушылармен мұқият зерделейтінін айтқан.

Семейде 12 қазанда алғаш рет қала әкімін тіке сайлау өтеді. Ақпаратқа қарағанда, әкім сайлауына қатысуға өзін-өзі ұсынушы ретінде 8 адам ниет білдірген, алайда тек төртеуі тіркелген. Тіркелген кандидаттар арасында қазіргі аудан әкімі, білім мекемесінің жетекшілері мен Семей мәслихатының бұрынғы төрағасы бар.

Кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте аяқталған.

XS
SM
MD
LG