Қазақстанда тіркелген компаниялар шетелден жабдықтар сатып алып, ізінше Ресейге жеткізіп отырған деген The Insider басылымы зерттеуінде аталған компанияларды сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бір күндік деп атады.
Бұған дейін экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлыбритания санкциясына ілінген Қазақстандағы басқа компанияларды осылай сипаттаған.
– Мұндай компаниялармен күресу бойынша механизм құралдары бар, салық, кеден жағынан. Бір күндік фирмалар осындай жағдайға арнайы құрылады. Олар бір-екі келісім жасасып, не есеп, не ақпарат бермейді, – деді Шаққалиев.
"Олармен күресу үшін нақты не істеліп жатыр?" деген Азаттық сұрағына министр бұл мәселе бойынша құрылған арнайы комиссия олар қайта тіркелмеуі үшін, жаңа фирма ашпауы үшін шара қабылдап жатыр деп жауап қатты.
Журналистердің бірі "Санкцияға іліккен компаниялар сіз және Байбазаров айтқандай бір күндік емес. Ашық дереккөздеріне қарағанда, Kazstanex компаниясы 13 жыл бұрын құрылған, былтыр 405 млн теңге салық төлеген" деді. Қазан айында АҚШ үкіметі жариялаған кезекті санкцияға қазақстандық Kazstanex компаниясы да ілінген. Ол Ресейге сатуға тыйым салынған жабдықты Еуропадан алып, Қытай арқылы тасымалдаған деген күдікке қалған.
– Бір күндік компаниялар 10 жыл бұрын тіркеліп, ешқандай жұмыс істемеген, жұмыс істемесе де салық төлемейді. Олар тұрақты жұмыс істеуге құрылған жоқ, бір-екі келісім жасап, одан кейін ешқандай жұмыс істемейді, – деді Шаққалиев.
The Insider басылымының жазуынша, Қазақстандағы Askarlab, Dicosta Technologies, Panalem Technologies, Computer Services Ltd компаниялары Еуропа, Азия және Америкадан жабдықтар сатып алып, ізінше Ресейге жеткізіп отырған, тауарлар радиоэлектронды құралдар шығаруға пайдаланылған болуы мүмкін.
7 қарашада Ұлыбритания Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Мәскеуге қарсы санкция салған. 56 жеке тұлға мен компанияның арасында Қазақстандағы Stanex Group, Kazstanex, Zapchasttrade, Rabadaziya, CPS Energy, Tawkz компаниялары да бар.
ПІКІРЛЕР