Accessibility links

Белсенді Алматыда "бүтін плиткаларды бұзып, заңсыз сату" жалғасып жатқанын хабарлады


Үлкен Алматы каналынан бұзылып, жеке цехқа тасымалданған гранит тақталар. Санжар Боқаевтың видеосынан скриншот
Үлкен Алматы каналынан бұзылып, жеке цехқа тасымалданған гранит тақталар. Санжар Боқаевтың видеосынан скриншот

Алматыда белсенді Санжар Боқаев "бүтін плиткаларды бұзып, заңсыз сату" жалғасып жатқанын хабарлады. Белсендінің сөзінше, бұл жолы мәселе Үлкен Алматы каналындағы бүтін гранит тақталар жөнінде болып отыр.

Видеода ол қаланың жоғарғы бөлігіндегі Үлкен Алматы каналынан түнде манипулятормен гранит тақталар тасылып жатқаны жөнінде хабар түскенін айтады. Ол сол тақталарды тиеген көліктің артынан жүріп, Алматы облысы Талғар ауданына дейін барады. Сондағы құлпытас жасайтын жеке цехқа тап болады.

"Бұл тақталарды қайдан әкелдіңіздер?" деген сұраққа жүргізуші "қоқыстан алдық" дейді. Олар плиткалардың "бұзылғанын", "ескі' екенін алға тартады.

Ал белсенді оның артынан ілесіп келгенін, шын мәнінде Үлкен Алматы каналынан алынғанын және плиткалардың бүтін екенін айтады.

"Орнына қайтадан апарып қойыңыздар, әйтпесе 102 шақырамын" дейді белсенді. Осылайша жүргізуші ол тақталарды қайтадан орнына апарып тастайды.

Белсенді видеода Үлкен Алматы каналынан қыруар қаражатқа жасалынған бүтін гранит тақталар бұзылып, оның орнына сапасыз түрде бетон құйылғанын, олар қазірдің өзінде желініп кеткенін алға тартады.

"Бұл өте берік граниттер еді. Әлі 20-30 жыл бойы жататын еді. Қаншама қыруар қаражат кетті" деп қынжылады белсенді.

18 қыркүйекте Алматы әкімдігі белсенді Санжар Боқаевтың видеосында көрсетілген жайттарға түсініктеме берді.

Әкімдік Үлкен Алматы өзенінің жағалауын жөндеп жатқан “Павлодарский речной порт” компаниясы 15 қыркүйекте 12 плитаны “ұрлау” фактісін анықтап, полицияға арыз жазғанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалған.

Әкімдіктің айтуынша, дегенмен Үлкен Алматы көлінің жағалауында “шытынаған және бұзылған плиталар” бар және 2024 жылдың 17 қыркүйек күнгі келісімге сәйкес жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

“Жарамды элементтер Торайғыров пен Сәтпаевқа дейінгі аумақта қайта қолданылып жатыр және орынға бетон төселіп жатыр. Қазір 2 110 плита алынды, 1250 қайта пайдаланылды, қалғаны әрі қарай қолдану үшін қоймаға орналастырылды. Осылайша гранит тақталарды бұзу – бұл жобада қарастырылған шара, ал ұрлау фактісі бөлек қылмыс” деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.

Белсенді Санжар Боқаев бұған дейін де осыған ұқсас "халық ақшасын ұрлау" жайттары туралы хабарлаған. Тамыздың соңында белсенді Алматыда Уәлиханов пен Жамбыл көшелеріне төселген “бүтін плиткаларды бұзып, сатпақ болғандарды әшкерелегенін” хабарлаған еді.

“Әуелі плитка мен бордюр ауыстырамыз деп миллион қаражат бөлгізеді. Одан кейін жұмысшылар келіп, кеше ғана жарқырап тұрған [плиткаларды] бұзып алады: тротуар плиткалары бүтін, еш бүлінбеген, бордюрлар – тұтас, бүтін. Одан кейін алынған брусчаткаларды екінші рет пайдалану қоймасына емес – батпаққа бөгіп жатқан аудандарға емес, жеке аулаларға апарылады, осылайша өздерінің қалтасына басады. Ал сол орынға ізінше дәл сондай бәлкім зері немесе түсі басқа “жаңа” плиткаларды төсейді” деді белсенді.

Құжаттарға сүйенген белсенді былтыр Уәлиханов аумағын жөндеуге шамамен 446 млн теңге кеткенін еске салады.

“Ешқандай офшорсыз, жалған цифрлық схемаларсыз: жәй ғана күрек, жүк көлігі және арсыздық. Ең қорқыныштысы мұның барлығы көз алдымызда жүріп жатыр” деді Боқаев.

Сол кезде жергілікті әкімдік өкілдері бұзылған плиткалар утилизациялануы керек болғандығын айтқан.

“Нақты жағдайда мердігердің өтінішімен және тапсырыс берушінің келісімімен шамамен 90 шаршы метр плитка көмекке зәру отбасына берілді. Бұзылған материалдардың қалғаны еншілес ұйымның қоймасында сақталады” деді әкімдік өкілдері.

XS
SM
MD
LG