Accessibility links

Сахаров сыйлығы Беларусь пен Грузиядағы екі журналиске берілді


Мзия Амаглобели және Анджей Почобут
Мзия Амаглобели және Анджей Почобут

Еуропарламент Андрей Сахаров атындағы "Ой еркіндігі үшін" сыйлығын Беларусь пен Грузияда түрмеде отырған журналистер Анджей Почобут пен Мзие Амаглобелиге берді.

Анджей Почобут – журналист, Беларусте билік мойындамаған поляктар одағының белсендісі.

"Лукашенко режимін қатаң сынаумен және тарих пен адам құқығы бойынша жұмыстарымен танылған ол талай қамалған" деп жазылған Еуропарламенттің хабарламасында.

Почобут 2021 жылдан бері түрмеде отыр. 2023 жылы ақпанда ол алауыздық қоздыру және ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге бағытталған әрекеттерге шақыру айыбы бойынша 8 жылға сотталды.

Белсендіге қарсы ашылған істегі эпизодтардың біріне 2020 жылы наразылықты күштеп басып-жаншу туралы Gazeta Wyborcza басылымында жарияланған "Польшаға қарсы совет басқыншылығы туралы әңгіме" атты мақала енген. Онда сонымен бірге Гроднень облысында антикоммунистік поляк қолбасшысы туралы материал да бар.

Мзия Амаглобели – грузин журналисі және "Нетгазети" және "Батумелеби" басылымдарының негізін қалаушы. 2025 жылы қаңтарда наразылық кезінде полиция қызметкеріне күш көрсетті деген күдікке ілініп қамалған. Тергеу болжамынша, журналист Батумидегі полиция басқармасының жетекшісінің иегінен ұрған. Амаглобели өзінің ұрғанын терістемейді. Айтуынша, полиция қызметкері оның намысына тиіп, бетіне түкірген. Тамызда сот оны екі жылға бас бостандығынан айырды.

"Грузияның тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы саяси тұтқыны және сөз бостандығын қорғаушы Амаглобели 2024 жылғы қазандағы даулы сайлаудан кейін биліктегі «Грузин арманы» партиясына қарсы Грузиядағы демократияны жақтайтын наразылық қозғалысының жетекшіне айналды" деп жазылған Еуропарламенттің хабарламасында.

XS
SM
MD
LG