Accessibility links

Ресей түрмесіндегі шешеннің зары


Түрме ішінен қарап тұрған адам. (Көрнекі сурет)
Түрме ішінен қарап тұрған адам. (Көрнекі сурет)
Ресей билігі «Шешенстандағы соғыс бітті. Елді қалпына келтіріп жатырмыз» деп отыр. Ал құқық қорғаушылар «Мыңдаған адам сотсыз-ақ ізім-қайым жоғалып жатыр. Азаптаулар мен заңсыз соттардың тоқтайтын түрі жоқ» дейді.

Азаттықтың Солтүстік Кавказ қызметінің тілшісі Амина Умарова 18 жылға сотталған шешен азаматымен әңгімелесті. Құқық қорғаушылар оны «азаптап, зорлықпен мойындатып, соттап жіберген» дейді.

«ЕСІМНЕН АЙЫРЫЛЫП, ҚҰЛАҒАНША АЗАПТАДЫ»

2004 жылдың басында қауіпсіздік қызметкерлері үйінде жүрген шешен азаматын тұтқындап әкеткен. Сол күні оның азапты тағдыры басталды.

Кейіпкерімізді Ресейдегі репрессиядан аман сақтау мақсатында аты-жөнін өзгертіп, шартты түрде Имран деп атадық.

«Терроризмге қатысы бар» деген айыппен Ресей соты оны 18 жылға түрмеге кескен. Қазір Имран Ресейдің қиыр шетіндегі Архангельск өлкесінде, түрмеде отыр.

Азаттық тілшісі Имранмен телефон арқылы сөйлесті. Имран қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындағанда, оның соңы мұнша азапқа ұласады деп ойламағанын айтты. Ол телефон арқылы:
Шешенстан азаматтары адамдардың жоғалып кетуі мен түрмедегі азаптауларға қарсы митингіге шығып тұр. Грозный, 26 маусым 2012 жыл.
Шешенстан азаматтары адамдардың жоғалып кетуі мен түрмедегі азаптауларға қарсы митингіге шығып тұр. Грозный, 26 маусым 2012 жыл.

- Мені 2003 жылы жаппай «тазалау» (тұтқындау – ред.) кезінде, қыркүйек айында, таңғы сағат алтының кезінде тұтқындады. Бәрі - Ресей әскері. Олар мені камерада үш күн ұрып, азаптады. Мойындата алмайтындарына көздері жеткен соң, «Сен тек «ия» десең болды. Бізге тек мойындағаның керек» деп, үгіттеуге көшті, - деді.

Үш күннен соң оны босатқан. Бірақ төлқұжатын алып қалған. Имран «Екінші жолы қамағанда, біріншісінен де жаман қылғандарын» айтты.

- Олар мені 10 күн бойы сабады. Есімнен айырылып, құлағанша азаптады. Туыстарым қайда жатқанымды тауып алмағанда, өлтіріп тастайтын еді. Кейін мені прокуротураға жіберді. Барсам, төлқұжатым тергеушінің алдында жатыр. Олар сол жерде менің үстімнен ылдым-жылдым қылмыстық іс қозғады, - дейді Имран.

Имран 1990 жылдардағы тәуелсіздік үшін болған бірінші шешен соғысына қатысқанын мойындайды. Ол 1996 жылы, бірінші компания аяқталған соң, бейбіт өмірге бет бұрған. Соғыстан қираған елін тастап, басқа жаққа қоныс аудармақшы да болыпты. Бірақ қарт анасын қарайтын адам болмай, амалсыз тоқтаған.

«ҚАТЕЛЕСКЕНІМІЗДІ МОЙЫНДАҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ»

Ресейдегі құқық қорғау ұйымның белсенділері Имранның ісін қайта қарату үшін Страсбургтегі Еуропа сотына арыз түсірді.

Осы ұйымның адвокаты Анастасия Кушлейко Имранның ісін егжей-тегжейлі біледі. Оның ойынша, Еуропа соты бұл істі қайта қарайтын болса, әділетсіз үкімнің тас-талқаны шығуы мүмкін. Кушлейко Азаттық тілшісіне:

- Олар Имранды азаптау арқылы алған жауаптар негізінде соттаған. Тергеу біткенше азаптаған. Бұлтартпас айғақтар бізде жетерлік, - деді.
"Правовая инициатива" құқық қорғаушы ұйымның директоры Анастасия Кушлейко.
"Правовая инициатива" құқық қорғаушы ұйымның директоры Анастасия Кушлейко.

Құқық қорғаушылар Шешенстан мен Ресей билігін «әділетсіз соттар арқылы Шешенстанда көп адамның көзін жоятын саясат жүргізді» деп айыптайды. Құқық қорғау ұйымының Шешенстандағы өкілдерінің айтуынша, қазір Ресей түрмелерінде «қауіпсіздік мақсатында» сотталған 20 мың шешен азаматы отыр. Кейбір тәуелсіз белсенділердің мәліметінше, сотталғандар саны 30 мыңнан асады.

Имранды соттағанда 16 жасар жасөспірімнен куәлік алған. Кәмелетке толмаған баланың айтуына қарағанда, ол сотта берген куәліктерінен бас тартқан. «Азап көрген соң, өмірімді сақтап қалу үшін амалсыз жалған айғақ беруге мәжбүр болдым» деп мәлімдеген. Осыдан кейін оны да Имранның «сыбайласы» деген айыппен 7 жылға соттап жіберген.

Ақыр соңында Имран мен оның «сыбайласына» «2003 жылы бомба жарды» деген айып тағылған. Жарылыстан кейін бір ай өтіп кетсе де Имранға «жарылғыш заттарды заңсыз сақтаған» деген айып таққан. Имран тілшіге соттың сөзін айтып:

- Адвокатым сотта осы айғақтардың дәлелі жоқ екенін айтқанда, соттың түрі бұзылып, «Біз оны жіберетін болсақ, ана жас баланы да босатуға тура келеді. Қателескенімізді мойындауға мәжбүр боламыз. Олай еткіміз келмейді» деді, - дейді.
Біз оны жіберетін болсақ, ана жас баланы да босатуға тура келеді. Қателескенімізді мойындауға мәжбүр боламыз. Олай еткіміз келмейді.

Шешенстандағы құқық қорғаушылар осы істі қайта қарауды талап етіп, Ресейдегі тиісті орындарға да бірнеше арыз түсірген. Әзірге жауап жоқ.

Күмәнді айғақтардың негізінде Имранға асығыс кесілген үкім (18 жыл) мен Солтүстік Кавказда жасаған қылмыстары үшін сотталған ресейлік офицерге берілген жазаның арасындағы айырмашылық үлкен.

Ресей армиясының полковнигі Юри Буданов 2000 жылы 18 жасар шешен қызын зорлап өлтіргені үшін 2003 жылы 10 жылға сотталды. Буданов 2009 жылы бостандыққа шықты. Алайда оны сол жылы Мәскеуде өлтіріп кетті. Қазір оның құрметіне ескерткіш орнатылған.

«ҮМІТ ҮЗІЛМЕЙДІ ЕКЕН»

Қазір Имран Страсбург сотынан үміт күтіп отыр. Адвокаты Кушлейко:

- Еуропа сотында мұндай істерді қарауға өте көп уақыт кетеді. Имранның ісі бойынша талап-арыз 2007 жылы берілген, содан бері ешқандай хабар жоқ. Осыған қарап, істі әлі бастамағанын білуге болады. Еуропа соты Ресей үкіметіне осы іс бойынша ешқандай талап түсірмеген. Енді бұл мәселені өз бетімізше мұнда жүріп көтере алмаймыз. Өйткені, талап-арызымыз әлі сотта жатыр. Арыздың тіркелгенін білеміз. Бірақ өкінішке орай, мұндай істерді қарауға тым көп уақыт кетеді, - деді.
Шешен соғысынан қалған қирандылар. Ресей, Грозный, ақпан 1996 жыл.
Шешен соғысынан қалған қирандылар. Ресей, Грозный, ақпан 1996 жыл.

Дәл қазір Имран Ресейдің қиыр шығысындағы түрмеде Еуропадан жаңалық күтіп жатыр. Оның айтуынша, түрмеде өзінен басқа тағы да 20 шақты шешен азаматы отыр. Түрме басшылығы орыстармен салыстырғанда, оларға нашар қарайды. «Өтейтін жазамыз тым ұзақ әрі бізді анда-санда себепсіз карцерге қамай салады» дейді ол.

Түрме тәртібі бойынша қамалғандардың туыстары жылына бір рет келіп кездесуге құқылы. Бірақ Имран туыстарының келмегенін жөн көреді. Себебі түрме басшылары оларды әр түрлі сылтаумен кездестірмейді.

Заң бойыша, сотталған адамның түрмеде 12 жыл жазасын өтеген соң, мерзімінен ертерек босап шығу үшін рақымшылық сұрауға хақысы бар. Бірақ Имран ондай жақсылық болады дегенге сенбейді.

- Қорлық тартқанымызға қарағанда, мұндағы шешен азаматтарының ешқайсысы да рақымшылыққа ілікпейтін сияқты. Түрмедегі тәртіпті сақтауға қанша тырыссам да, олар сылтау тауып мені жазалайды. Қасақана істейтіндері көрініп тұрады. Ешқандай тәртіп бұзбасаң да, бір айып ойлап тауып, мойныңа іледі. Бұл - құдайдың құтты күні қайталанатын жайт. Менің рақымшылыққа ілінуім мүмкін бе? Мұнда «тәртіп бұзбады» дейтін бірде-бір шешен азаматы қалмады. Біздің барлығымыздың үстімізден рапорт жазылған, түгел карцерге отырып шыққанбыз, - деді Имран.
Осы адамдарда жүрек бар ма? Бұларда титтей де болса ар, намыс, ұят бар ма? Бұл адамдарды аналары осыншама тас жүрек қып туған ба?

Имран қамауға түскен осы сегіз жылда көрген қорлығын ойлап, уайымға салынады. Осындай тағдыр тәлкегіне тап болған мыңдаған шешен жастары туралы да көп ойлайды.

- Олар бізді Ресей түрмелеріне 15-20 жылға жазықсыз қамады. Осы бассыздыққа біреу назар аудара ма? Неге ешкім ештеңе істей алмайды? Осы адамдарда жүрек бар ма? Бұларда титтей де болса ар, намыс, ұят бар ма? Бұл адамдарды аналары осыншама тас жүрек қып тууы мүмкін бе? Маған осындай ойлар маза бермейді. Мұншалықты әділетсіздік жалғаса бере ме? Біз қазір ғайыптан тайып басымызға қонатын белгісіз бақыттан ғана дәмеліміз. Үміт үзілмейді екен. Бірақ.., - деп Имран сөзін аяқтамай, тосылып қалды.

(Мақаланы қазақ тіліне аударған Сағынай Кәрім)
XS
SM
MD
LG