Accessibility links

Румыния авиациясы өз әуе кеңістігіне дрон кіргенін хабарлады


Румынияның әскери авиациясы өз әуе кеңістігіне дрон кіргенін мәлімдеді. Бұл жөнінде Antena 3 CNN арнасы хабарлады. Ресей әскері Дунайдағы украиналық инфрақұрылымға соққы жасағаннан кейін Украинамен шекарадағы жағдайды бақылау үшін сенбі күні кешке Фетешти әуе базасынан екі F-16 жойғыш ұшағы көтерілген.

Бірнеше минуттан кейін елдің шығыс бөлігі Дунай сағасындағы Тулча ауданының шығыс жақ тұрғындарына төбеден нысан түсуі мүмкін екені жөнінде хабарлама берілді. Тағы бірнеше минуттан кейін F-16 ұшағы дронды анықтап, Килия-Веке ауылының оңтүстік-батысына дейін бақылаған. Бұдан соң дрон радардан жоғалған.

Дрон тұрғын үй орналасқан аумақтарға бармаған және халыққа қатер төндірмеген. Жағдайды қорғаныс министрлігінің радиолокация құралдары және кезекші авиация бақылаған.

Кейін Килия ауданында (телеарна мәселе Румынияның Килия-Веке ауылы жөнінде болып отыр ма, әлде Украинаның Одесса облысындағы Килия жөнінде болып отыр ма, нақтыламаған) ресейлік дронның бөлшектері табылған. Бұдан соң Борча базасынан әуеге тағы екі F-16 жойғыш ұшақтары көтерілді. Қорғаныс министрлігі оларды ату-атпау мәселесін шешіп жатыр.

10 қыркүйекте Польшаның әуе кеңістігіне 20-ға жуық ресейлік дрон кіріп, кейбірін әскерилер атып түсірген. Варшава Ресейді арандатып отыр деп айыптады.

Ал Ресей әскері Украинаның батыс аудандарына соққы жасалғанын, бірақ Польшаның аумағындағы нысандарды шабуылдауды жоспарламағанын айтты. Ресейдің айтуынша, Украинаға соққы жасау кезінде 700 шақырымға дейін ұшатын дрондар пайдаланылған, сондықтан олардың поляк жеріне баруы мүмкін емес.

XS
SM
MD
LG