Accessibility links

31 мамыр. Жазушының үздіксіз ұсынысы және Арон Атабек атсалысқан қор


Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған мемориал. Алматы облысы Жаңалық ауылы, 31 мамыр 2024 жыл.
Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған мемориал. Алматы облысы Жаңалық ауылы, 31 мамыр 2024 жыл.

31 мамыр Ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде 1992 жылдан бастап күнтізбеге енгізілді. Оған дейін де осындай шаралар өтіп тұрған. Бұл күнді қалай атап өткен жөн? 1992 жылы жазушы Смағұл Елубай неге ашық хат жазды? Қазір өзі не дейді? Қуғын-сүргін құрбаны, саяси диссидент Арон Атабек атсалысқан, сол жылы құрылған "Арыс" қоры бүгінде неге қол жеткізді?

31 мамыр. "Жарты халқымызды жоқтау"
please wait

No media source currently available

0:00 0:32:55 0:00

1992 жыл, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылы Ұлы үркіншілік, нәубеттің 60 жылдығына орай, құрбандарды еске алу күнін өткізді. Нақты айтқанда, Қазақстан қоғамы мемлекет тәуелсіздігін жариялағаннан кейін алғаш рет сол жылы 31 мамырды Ашаршылық құрбандарын аза тұту күні ретінде атап өткен.

Бірақ еске алу шарасына Қазақстанның сол кездегі басшысы, алдында ғана Мәскеу арқылы Вашингтонға сапарлап келген Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ. Бұл туралы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының 2023 жылғы 3 маусымдағы эпизодында кеңірек айтқанбыз.

Сол жылы 26 мамырда ашылған парламент сессиясында елдің Конституциясы мен рәміз, нышандары және басқа да толып жатқан заң жобалары талқыланып жатқан.

"АЛАШ ЖҰРТЫНА АШЫҚ ХАТ"

Азаттық радиосының 1992 жылғы 28 мамырдағы эфирінен жазушы Смағұл Елубайдың ашық хаты оқылды. Бұл хат соның алдында "Егеменді Қазақстан" ресми басылымында жарияланған. Оған дейін, 1989 жылы Смағұл Елубайдың Ашаршылық туралы жазған "Ақ боз үй" романы шыққан. Жазушы ашық хатының ұзын-ырғасы мынандай болып келеді.

"Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі өзінің өткен күзгі сессиясында 1992 жылғы 31-мамырды қазақ ұлтының тең жартысын опат еткен отызыншы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ойран – геноцидтің 60 жылдығын қазақтардың ұлттық трагедиясы ретінде атап өтуді бекіткен еді... Бірақ ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігіне қарағанда бұл Күнге жоқтаусыз кеткен 3 000 000 (үш миллион) жазықсыз жұртымыздың рухына ел болып бата бағыштайтын ұлы Күнге дайындық байқалмайды... Орыстар өткен Тамыз бүлігінде шейіт болған үш кісісін үш күн бойы күңіреніп, бүкіл Мәскеу болып жоқтады...

  • Ол күні республика көлемінде мемлекеттік жалауымызға қара байлануы керек.
  • Сауық – сайран өтпеуі керек.
  • Ақпарат құралдары жер-жердегі сол ұлы нәубеттің көзін тірі куәлеріне сөз беруі керек.
  • Радио, теледидар, БАҚ-тардағы радиоқондырғыштар әлсін-әлсін "Елім-ай", "Ақбай", "Заман-ай" тәрізді ән мен күйлерді қайталап тұрса.
  • Барлық мешіттерде қазақпын, мұсылманмын деген қауым бұл күні жиналып, лениндік-сталиндік коллективтендіру кезінде жазықсыз құрбан болған 3 миллион қазақ рухына бағышталған құран оқуға тиіс.
  • Қазақстан мұсылмандарының муфтиі телерадио арқылы құран оқу керек.
  • Астанамыз Алматыда Қазақстан президенті қатысқан митинг өтуге тиіс деп ойлаймын. Осындай жиындар барлық әкімшілік орталықтарында өтуге тиіс.
  • Бұл күні аштан өлген жарты халқымызға арналған ескерткіш еш жерде ашылып үлгермейтін тәрізді. Сондықтан, ең болмаса, сол болашақ ескерткіштің орнын белгілеп, қаралы митингті мүмкін сол болашақ ескерткіштің орнына қалқайтқан белгіні қоршап тұрып өткізген дұрыс болар. Ондай орын, құдайға шүкір, қалаларымыздың бәрінде бар. Ол – Ленин тұрған ескерткіштің орны. Осы ой бізге бір рет аштан өлгендердің сүйегі шашылған орынды іздеп жүргенде келген. Аштан өлген қазақтардың сүйегінің үстінде бір ауданда Ленин ескерткіші тұрғанының куәсі болдық. Дәл Ленин ескерткішінің тұғырына жазықсыз қырылған жарты қазаққа арналған ескерткіш қойылуға керек. Алматыдағы Үкімет үйінің алдындағы Ленин монументі де осындай ескерткішпен алмастырылуы керек..."

Совет өкіметі тұсындағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш. Алматы, 31 мамыр, 2017 жыл.
Совет өкіметі тұсындағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш. Алматы, 31 мамыр, 2017 жыл.

БІР ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ БІР МИНУТТЫҚ ЕСКЕ АЛУ

Осы ашық хат жарияланғаннан кейін арада 32 жыл өткенде жазушы Смағұл Елубайдан сол хатта айтылған ұсыныстар туралы сұрадым.

Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері, жазушы Смағұл Елубай
Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері, жазушы Смағұл Елубай

– 1992 жылдан бері жиырмасыншы, отызыншы жылдарғы сталиндік солақай саясаттан жазықсыз құрбан болған жарты халқымызды ұлықтау жөнінде айтумен келе жатырмыз. Әрине, содан бері біраз жұмыс жасалды, – деген ол ондаған томды құрайтын архив материалдарын атады және құрбандарға Алматы мен Астанада ескерткіштер тұрғызылғанын айтты.

Айтуынша, парламентте де Ашаршылықтың 100 жылдығынан соң бір минуттық еске алу шарасы өте бастаған. Бұл тұста жазушы 1922 жылғы алғашқы Ашаршылықты меңзеп отыр.

Жазушы Азаттыққа Қазақстандағы Ашаршылық нәубеті жайлы шет елдерде аз айтылатынын, тиісті мәлімет жеткіліксіз екен, Қазақстан елшіліктері осыған мән беру керегін айтады.

Аза сарайы туралы да айтылып жүргелі біраз болған. Тіпті 2021 жылы мемлекеттің екінші адамы, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қасіретті кезеңді ұлт жадында сақтау мақсатында "Аза сарайы" мемориалдық кешені бой көтеретінін айтып қалған. Жазушы Смағұл Елубай да сол кешенді күте-күте күдер үзе бастаған сияқты. Оны мына сөзінен байқадық.

– Алматы қаласында "Аза сарайын" салу туралы ұсыныс болды. Сол сарайдың шамалы уақытта салынып бітетін түрі жоқ. Оның орны да белгісіз. Ендеше, Алматыдағы ұлттық музейдің төрт үлкен залының біреуін Ашаршылыққа арнап қайта жабдықтауға болар еді, – деді Азаттыққа Смағұл Елубай.

Бұл ұсыныстар жүзеге аспаса, не істеуге болады? Жазушының басқа қандай балама ұсынысы бар?

– Біз мұны 31 мамыр күні бақылап отырамыз. Егер де биыл Ұлттық қасіретті еске алу ойдағыдай өтпейтін болса, онда қайтадан біздің үніміз шығатын болады, – дейді ол.

Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым ету іс-шарасына жиналған адамдар. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2024 жыл.
Совет билігі кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым ету іс-шарасына жиналған адамдар. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 31 мамыр 2024 жыл.

АШАРШЫЛЫҚ ПЕН ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ "ӘДІЛЕТ" ПЕН "АРЫС"

31 мамырда ел тек Ашаршылық қана емес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын да еске алады. Әуелде Ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланған 31 мамыр кейін тек Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне айналған. Алайда кейінгі уақытта саяси ортада 31 мамырды Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін күні деп атай бастағаны байқалады.

Ал саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімін анықтап, мәңгіге қалдыру жолында жұмыс жүргізгендердің ішінде "Әділет" қоғамдық бірлестігін атауға болады. Азаттық радиосының қызметкері Әбдіқайым Бірғазыұлы 1992 жылғы 25 мамырдағы эфирінде Ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніндегі шараларға осы ұйым мұрындық болып отырғанын айтады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 31 мамыр, 2016 жыл.
Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналған адамдар. Алматы, 31 мамыр, 2016 жыл.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды түгендеу бағытында жұмыс істеп келе жатқан ұйымның бірі – репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін "Арыс" қоры. Бұл қор 1992 жылы сәуір айында құрылған. Сол кезде қор қызметкері Аманқос Мектептегіден Азаттық радиосының тілшісі Қиял Сабдалин сұхбат алған.

"АРЫС" ҚОРЫНДАҒЫ АРОН

Осы сұхбаттан 32 жыл өткенде Аманқос Мектептегіге тағы да Азаттық атынан хабарластық. Ол қоғамдық ұйымның қазіргі жұмысы жөнінде аз-кем баяндады. Қорды алғаш құрушылардың бірі, қор басшысы Ғарифолла Әнес және зерттеуші Мақсат Тәжімұрат болған. Және тағы бір адам, белгілі күрескер, Қазақстанның жаңа тарихындағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны Арон Атабек туралы аз айтылады.

"Шаңырақ" оқиғасына орай ұзақ мерзімге сотталып, 2021 жылы түрмеден құр сүлдері шығып, бостандыққа шыққан соң небәрі бірнеше аптадан соң қайтыс болған Арон Атабектің "Арыс" қорындағы қызметі жайлы Аманқос Мектептегі былай дейді:

– Аронның тағдыры қиын болғанын Қазақстанда екінің бірі біледі деп ойлаймын. Шаңырақ оқиғасына байланысты оған түрлі жала жауып, ақыры абақтыға жауып тынды ғой. Оған тағылған айыптаулардың ешқайсысы дәлелденген жоқ. Біздегі заң орындары мен сот белден басты.

Аманқос Мектептегі Арон Атабектің "Арыс" қорына үлкен үлес қосқанын, Арон орыс тілінде шығатын баспасөзбен, орысша сөйлейтін аудиториямен жұмыс істегенін айтады.

– Сол кезде әлі кеңестік идеологияның күшті болып тұрған кезі, шынын айту керек. Қалыптасқан психология тәуелсіз бірдеңе орнады дегенді қабылдай қоймаған кезі еді, – деді Аманқос Мектептегі.

МУЗЕЙЛЕР ЖӘНЕ МҰРАЛАР

Аманқос Мектептегі "Арыс" қорында істеп жүргенде есінде қалған мынандай қызық дерек айтты: Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың қазір мұражайға айналған үйін табуға Ақаңның қызы Шолпан себепкер болған.

Қор осы үй тұрған көшенің атын Ахмет Байтұрсыновтың атына беруге де үлес қосқан.

– Ахмет Байтұрсыновтың қызы Шолпан апайдың үйінде отырғанда, апай "әкемді ұстап әкеткен үй әлі бар" деді. Мен ол кісіге "Сол үйге алып барасыз ба?" деп қолқа салдым. "Иә" деген соң бірден киініп, сыртқа шыға бастадық. Сол екі ортада "Жас Алаш" газеті бастатқан газеттерге телефон соқтым, "осындай-осындай сенсация, Ақаң тұрған үйге бара жатырмыз" деп. Сол бойда "Алматы ақшамы" газетінен фототілші Ерғали Жүсіп келіп, Шолпан апаймен Ақаңның үйінің алдында тұрған суретімізді түсіріп алды. Ақаң тұрған үй тұрған көшенің атын ауыстыру туралы да ой келіп, сонда Ғарифолла Әнес екеуміздің "Алматыда бір үй бар" деген мақаламыз "Алматы ақшамы" газетінің тұңғыш нөміріне шыққан еді, – деді Аманқос Мектептегі Азаттыққа.

Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова (сол жақта) мен Аманқос Мектептегі Ахмет Байтұрсыновтың үйінің алдында тұр. Алматы, 1991 жыл. Фото авторы – Ерғали Жүсіп.
Шолпан Ахметқызы Байтұрсынова (сол жақта) мен Аманқос Мектептегі Ахмет Байтұрсыновтың үйінің алдында тұр. Алматы, 1991 жыл. Фото авторы – Ерғали Жүсіп.

"Арыс" қоры қолға алған шаруалардың ішінде орындалмағандары да бар. Аманқос Мектептегінің айтуынша, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін "Арыс" қоры әуелде Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін Ахмет Байтұрсыновтың үйіне орналастырмақ болады. Кейін Алматыдағы бір кездегі КГБ ғимаратын музейге айналдыруға тырысқан.

Бірақ кейіннен бұл музейді қуғын-сүргін құрбандары топтап атылған, әлі күнге оқтын-оқтын топтап жерленген адам сүйектері табылып жатқан, бүгінде Алматы облысы Талғар ауданы аумағындағы Жаңалық ауылынан ашқан. Музей 2002 жылдан бері жұмыс істейді.

Жаңалық ауылында табылған қуғын-сүргін құрбандарының сүйектерін қайта жерледі. Алматы облысы, 30 мамыр, 2024 жыл.
Жаңалық ауылында табылған қуғын-сүргін құрбандарының сүйектерін қайта жерледі. Алматы облысы, 30 мамыр, 2024 жыл.

Ал Жаңалық ауылындағы аулалардан күні бүгінге дейін ауық-ауық адам сүйектері мен адамдарды топтап жерленген орындар табылып отыр.

Жерұйығы жаһаннамға айналған адамдар... Нәубет, Ашаршылық, қуғын-сүргін... Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі, 62-эпизодында кеңірек тарқатылып айтылады. Эпизод соңында мына жайға назар аудартқанды жөн көрдік. Қазақстан тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде совет режимі құрбандарын ақтап келе жатса да, ақтауға жатпайды деп танылғандар да бар дейді зерттеушілер.

1993 жылы "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" заң қабылданды. Алайда осы заңда Октябрь революциясына қарсы қарулы әрекеттерге қатысқан "шетелге қашып кеткендер", "отанды сатқандар" және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде осындай әрекеттерге барғандар ақтауға жатпайтыны айтылған. Ол заң әлі күшінде. Бүгінде Совет мемлекеті жоқ, бірақ советтік, сталиндік сананың сарыны, секемшілдік жойылған жоқ...

"Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG