Accessibility links

Ресейлік барлаушы ұшақ Балтық теңізі аймағына транспондерін өшіріп тастап енген


Ил-20М барлаушы ұшағы
Ил-20М барлаушы ұшағы

21 қыркүйек, жексенбі күні Германияның екі Eurofighter жойғыш ұшағы Балтық теңізі аймағындағы аспан кеңістігіне кірген ресейлік Ил-20М барлаушы ұшағын тосып алуға әуеге көтерілген.

Германияның НАТО-дағы өкілдігінің хабарлауынша, ресейлік ұшақ байланысқа шығу жайлы өтініштерге жауап бермеген соң Германиядағы Росток-Лааге әскери базасынан неміс жойғыштары ұшып шыққан.

Кейінгі кезде Ресей Балтық аймағында әуе кеңістігін бұзғаны туралы хабарлар жиілеуіне байланысты жағдай шиеленісе түсті.

19 қыркүйекте Эстония Фин шығанағындағы әуе кеңістігін ресейлік үш жойғыш ұшақ бұзғанын мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін Таллин НАТО-ның 4-бабына сәйкес консультациялар өткізу жайлы бастама көтерді.

Эстония билігінің айтуынша, ресейлік ұшақтар алдын ала ұшу жоспарын бермей, транспондерлерін өшіріп, әуе диспетчері қызметімен байланыс орнатпаған. Бұл олардың әуе кеңістігіне кіруі кездейсоқ емес, әдейі жасалған әрекет болуы ықтимал деген күдікті күшейтеді.

Ал Мәскеу бұл айыптауларды жоққа шығарып, үш МиГ-31 жойғыш ұшағы Ресейдің солтүстік-батысынан Калининградты бетке алып, Балтық теңізінің бейтарап әуе кеңістігімен ұшып өткен деп мәлімдеді.

Ресей әскери ұшақтарының 19 қыркүйекте Эстонияның әуе кеңістігін бұзу оқиғасына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 22 қыркүйек, дүйсенбі күні шұғыл отырыс өткізбекші.

XS
SM
MD
LG