Ресейдің Ленинград облысында мұнай өңдеу зауытына дрон шабуылынан кейін зауытта өрт болды.
"14 қыркүйекке қараған түні Ресейдің Ленинград облысында елдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі "Киришинефтеоргсинтезге" соққы тиді. Бірлескен операцияны арнайы операция күштері мен ұшқышсыз жүйе күштері жүргізді" деп жазылған Украина қарулы күштерінің хабарламасында.
Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, Кириш қаласы аумағында бірнеше дрон атып түсірілген, соның бөлшектері мұнай өңдеу зауытына тиіп, өрт шыққан. Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконың айтуынша, өрт жексенбі күні таңда сөндірілген. Зардап шеккендер мен қаза болғандар туралы ақпарат жоқ.
Кириш зауыты мұнай өңдеу жағынан Омбы мұнай өңдеу зауытынан ғана артта келеді. Қазір зауыт жылына шамамен 17,7 млн тонна мұнай өңдейді, бұл елде өңделетін мұнай көлемінің 6,4 пайызы деп жазды Reuters.
Жұма күні дрон соққысы Ленинград облысының Приморск портындағы мұнай терминалының жұмысын тоқтатқан. Екі мұнай танкері бүлінген.
Жексенбіге қараған түні Ленинград облысының тағы екі ауданында бірнеше цистерна мен тепловоз рельстен шығып, машинист қаза болған. Тергеушілер екі оқиға да диверсияның салдары екенін жоққа шығармайды. Оқиға орнында саперлар жұмыс істеп жатыр. Ленинград облысында құқық қорғау органдары “көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын” күшейткен.
Сенбі күні Орлов облысында екі адам қаза болды. Тағы бір адам темір жолдарды тексеріп жүргенде жарылғыш зат жарылып, жарақат алған. Курск облысының губернаторы міндетін атқарушы Александр Хинштейн қаза болғандар мен зардап шеккен адам Росгвардия қызметкерлері екенін айтты.