Accessibility links

"Билік қарсыласынан кек алу"


Ресейлік журналист Аркадий Бабченко
Ресейлік журналист Аркадий Бабченко

Ресейлік журналист Аркадий Бабченкоға жасалған қастандықты халықаралық құқық қорғаушылар мен баспасөзді қорғау ұйымдары айыптады. Журналисті мамырдың 29-ы күні Киевте әлдекім атып өлтірмек болған. Қазақстандық сарапшылар бұл қылмысты "қорқыту актісі" деп атайды.

Өткен жылы Ресейден кетіп, әуелі Чехияда, одан кейін Израильде біраз уақыт тұрған, ал өмірінің соңғы кезеңін Украина астанасында өткізген ресейлік журналист Аркадий Бабченко мамырдың 29-ы күні кешкісін ту сыртынан үш мәрте атқан оқтан қаза тапты деп хабарланды. "Пәтерінің алдында қансырап жатқан" Бабченконы көргенде әйелі "жедел жәрдем" шақырғанымен, журналистің ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырғаны туралы ақпарат тарады.

Сәрсенбі кешкісін Украина билігі Бабченконың қастандықтан тірі қалғанын мәлімдеп, оны баспасөз мәслихатына ертіп әкелді. Украинаның бас прокуроры Юрий Луценконың айтуынша, Бабченконы өлтіруге Ресейдің арнайы қызметі тапсырыс берген. Сәл ертерек Ресей мұндай айыптауды жоққа шығарған еді.

Ресейде Facebook әлеуметтік желісінде және баспасөзде Кремльдегі биліктің атына айтқан сыни пікірлері үшін қысым көргеннен кейін Аркадий Бабченко "уақытша шегініс жасап" елден кетуді ұйғарғаны туралы бұған дейін Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында айтқан. Ол Ресейге қайтып оралсам деген ойымен де бөліскен.

Журналист Аркадий Бабченкоға қастандық туралы фотогалерея:

ЖУРНАЛИСКЕ ҚАСТАНДЫҚТЫ АЙЫПТАУ

Мамырдың 29-күні Киевте жасалған қарулы шабуылды журналистер құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар айыптады. БҰҰ жанындағы Журналистерді қорғау комитеті бұл қылмысты жедел және мұқият тергеуге шақырды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) сөз бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир ресейлік журналист Аркадий Бабченконы қастандық жасауды айыптады.

"Бұл жантүршігерлік оқиға ашуымды туғызды" делінген ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері жөніндегі өкілінің кеңсесі таратқан Дезирдің мәлімдемесінде. Ол бұл қылмыстың бүге-шігесін анықтап, қастандыққа ықтимал тапсырыс беруші мен оны орындағандарды тауып, жауапқа тарту қажеттігін айтқан.

Батыс журналистері мен сарапшылары Бабченконың "кісі қолынан қаза тапқаны" туралы суық хабардан төбеден жай түскендей әсерде қалғандарын айтып жатыр.

Atlantic Council сарапшысы Андерс Ослунд: "Бұл – ресейлік диссидентті Украинада өлтіру. Сұмдық!" деп жазды.

Лондон Король колледжінің зерттеу орталығы директоры См Грин бұл адам өлтіру оқиғасын Кремль сыншыларына жасалған белгіге балайды. "Қысқасы, былай деп хабар жолдап отыр: Кетсеңдер, өлтіреміз. Қалсаңдар да, бәлкім, өлтіреміз, бірақ жол мен артық отынға шығындалмайтын боламыз. Сондықтан, дұшпандар, үйде отырыңдар. Экология жағынан да тиімді, бюджетке де үнем. Ол резіңке емес қой".

Грин сонымен бірге журналистің қаза тапқаны туралы жаңалықтан кейін ресейлік "тролль фабрикасы" іле-шала белсенділік танытуға көшкеніне назар аударады. "Кремль сыншысы журналист Аркадий Бабченконың Киевте қаза тапқанына бір сағат та өтпей жатып кибер-путиншілер толық күшімен жұмысқа кірісті. Олар нұсқауды да күтіп отырмайды. Олар не істеу керек екендерін біледі", - деп жазды талдаушы өз хабарламасының астына кейбір қолданушылардың қалдырған пікірлеріне жауап қатып.

Ресейлік жалған (фейк) жаңалықтарды әшкерелеумен айналысатын америкалық журналист Джулия Дэвис Киевте журналистке жасалған қастандыққа қатысты білдірген пікірінде: "Ресейді Путинсіз елестетуге батылы жеткен зерттеуші-журналистер мен оппозициялық белсенділерді бірінен соң бірін өлтіріп жатыр. Аркадий Бабченконы бүгін ту сыртынан атып өлтірді" деп жазды.

"САЯСИ ТЕРАКТ"

Қазақстандық тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов ресейлік журналисті Киевте "қастандықпен өлтіру ісі" Ресейде билікте отырған режимнің өзге ой-пікір иелерін қудалауының жалпы контексімен үйлеседі деген пікірде.

- Қазіргі кезде Путин жүргізіп отырған саясаттың контекстінде бұл қылмысқа Ресейдің қатысы бар деген ой бірінші келеді. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде журналистерді өлтірген, өлтіріп жатыр және өлтіре де береді. Себебі бұл сондай кәсіп – шындықты жеткізу. Немесе әлдекімге жақпайтын ақпаратты іздеп табу. Сол үшін өлтіреді. Парадокс, қайғылы жайт, бірақ бұл – факт. Және біздің ел де бұдан кенде емес, - дейді Дуванов.

Алматылық саясаттанушы Айдос Сарым Киевтегі қылмысты "саяси теракт" деп бағалайды.

- Кремльдің өктем саясатын, оның Украина мен өзге де елдерге жүргізіп жатқан озбырлығы, әскери және басқа да қылмыстарын дәл осы Бабченкодай ашып жазған журналист аса көп емес. Сол себепті, еліне симай, өз елі соғыс жүргізіп отырған Украинаға барып, сонда адал қызметін атқарып, соғыс аймақтарында болып, азаматтармен сөйлесіп, шынайы журналистиканың үлгісін көрсетіп жүрген мықты журналистердің бірі болатын. Сондықтан мен мұны Кремльдің саяси террорлық актісі деп қабылдаймын, - дейді Айдос Сарым.

Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи да "бұл қылмысқа Ресей мүдделі" деп санайды.

- Кезінде Малазияның Boeing 777 жолаушылар ұшағын Украинаның төбесінде атып құлатқан сияқты, Бабченконы Киевте атып өлтіру арқылы Ресей әлем қауымдастығын Украинаға қарсы қойып, оны "қылмыстық әлем билеген ел" екенін дәлелдемек болып отыр деп ойлаймын, - дейді Ермұрат Бәпи.

Қазақстандағы "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Киевтегі журналистке жасалған қарулы шабуылды сыни пікір иелерін "қорқыту актісі" деп атайды.

- Бабченконың биографиясын, оның батыл әрі ымырасыз журналист екенін, оның Ресейден кетуге мәжбүр болғанын, және бұған қоса Скрипальдерді (2018 жылы наурызда Ұлыбританияда ресейлік әскери барлау қызметінің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улау оқиғасына жауапкершілікті Лондон Мәскеуге артқан. – Азаттық.) улау ісін ескерер болсақ, бұл қылмысты Ресей билігі ұйымдастырған болар деп ойлаймын. Мұның қасақана жасалғаны анық. Меніңше, осылайша Ресей билігі өз оппонентінен кек алмақ болған, - дейді Калеева.

Оның сөзінше, Қазақстанда әлдекімдерге жақпай қалған журналистер мен БАҚ-қа қарсы "ашық, жария түрдегі қылмысқа бармай-ақ олардың аузын жабатын" басқадай амал-тәсілдер қолданылады. Калеева бұған мысал ретінде елдегі оппозициялық БАҚ-ды жабу, тәуелсіз медиаға қысым жасау, сот арқылы басылымдарға тыйым салу тәрізді істерді келтіреді. Ресей де, Қазақстан да "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders, RWB) халықаралық құқық қорғау ұйымының "Баспасөз еркіндігі индексінде" төменгі орындарда аталған: ұйымның биылғы жылғы есебінде Қазақстан аталған тізімде 158-орында, Ресей – 148-орында тұр.

Аркадий Бабченконың Прагадағы өмір кезеңі туралы фильм:

Аркадий Бабченко Ресейден 2017 жылы ақпанда кеткен. Содан бірнеше ай бұрын ол Ресей қорғаныс министрлігінің Сирияға ресейлік әскерилер, журналистер мен Александров атындағы ансамбль мүшелерін апара жатқанда құлаған Ту-154 ұшағы апатына қайғырмайтыны туралы мәлімдеген. Бұдан соң Ресейде Бабченконы азаматтықтан айыруға шақырып қол жинау басталған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG