Accessibility links

Қырғызстан СІМ: Ресейдің "қара тізімінде" 75 мың қырғыз азаматы бар


Ресейден кетуі керек 770 мың мигранттың 75 мыңға жуығы – қырғыздар. Бұл туралы «Азаттыққа» Қырғызстан сыртқы істер министрлігі хабарлады.

«770 мың мигрант елден кетуі керек» деген ақпарат 13 қазан күні Ресей парламентінің сайтында жарияланған.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, шамамен 40 мың қырғыз азаматы сол жерден кетпей-ақ заң талаптарын орындап, өздерінің жүруін заңдастырған. Бұдан бөлек, 84 мың қырғыз азаматы елден кетуге байланысты тіркеуден шығарылған.

Қыркүйек айының басында «қара тізімде» 85 мың Қырғызстан азаматы болса, қыркүйектің ортасына қарай бұл көрсеткіш 73 мыңға дейін азайған. Кейін тәртіп бұзған басқа қырғыз азаматтары есебінен бұл көрсеткіш қайтадан өсті.

"Жалпы тізімді "тірі тетік" деп атауға болады. Өйткені ол барлығын автоматты түрде талдайды. Мысалы, егер шетел азаматының Ресейде болу мерзімі (миграциялық тіркеу) бүгін аяқталса, ол автоматты түрде реестрге енгізіледі. Аталған 770 мың шетел азаматының 75 мыңы – Қырғызстан азаматтары. Олар енді Ресей аумағынан кетуі керек", - делінген Қырғызстан сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.

Ресей президентінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы жарлығына сәйкес, елде заңсыз тұрып жатқан мигранттар 30 сәуірге дейін өздерінің мәртебесін заңдастыруы қажет. Дипломатиялық келіссөздерден кейін бұл мерзім 10 қыркүйекке дейін ұзартылып, аяқталған еді. Содан бері құқықтық жағдайы реттелмеген мигранттар елден шығарыла бастаған.

Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Құбанышбек Бөкентаевтың сөзінше, Ресейде жалпы 612 мың қырғыз азаматы тұрып жатыр, 377-сі мигрант ретінде тіркелген.

XS
SM
MD
LG