Accessibility links

Құқық қорғаушылар Кентауда "Иегово куәгерлері" азапталған болуы мүмкін екенін мәлімдеді


"Иегово куәгерлері" жиналып тұр. Көрнекі сурет.
"Иегово куәгерлері" жиналып тұр. Көрнекі сурет.

Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы бас прокурорға мәлімдеме жасап, Кентау қаласында "Иегово куәгерлері" азапталған болуы мүмкін деп мәлімдеді.

"Қазақстандық азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы 2025 жылдың 13 тамызында Түркістан облысының Кентау қаласында полиция қызметкерлері бейбіт діни жиынды бұзып, бірнеше діндарды заңсыз қамауға алып, Қазақстанда заңды тұрып жатқан Өзбекстан азаматы Данияр Тұрсынбаевты қатыгездікпен қинаған ауыр оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдіреді. Бізге жеткен мәлімет бойынша, Тұрсынбаевты заңсыз миссионерлік қызметін мойындату үшін күштеп полиция бөлімшесіне күштеп жеткізіп, қысым жасаған" деп жазылған коалицияның 16 қыркүйек күнгі мәлімдемесінде.

Коалицияның мәлімдеуінше, соның салдарынан "Иегово куәгерлері" ұйымы мүшесінің денесі жарақаттанған, қабырғасы да сынған. Оның адвокаты Кентау прокуратурасына шағым түсірген.

Коалиция өкілдерінің айтуынша, ұйым мүшесіне қарсы "Діни қызмет пен діни бірлестік туралы заңнаманы бұзу" бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Коалиция мүшелері мәлімдемесінде Тұрсынбаевтың азапталуына қатысты "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық істі тіркеуді, халықаралық стандартқа сай тәуелсіз тергеу жүргізуді, Тұрсынбаев пен өзге азаматтардың діни көзқарасы үшін қудалануына жол бермеуге шақырды.

Азаттық әзірге бұл ұйымның мүшелерінен жауап ала алмады.

Қазақстан бас прокуратурасы әзірге бұл мәлімдемеге реакция білдірмеді.

Қазақстан діни сеніміне байланысты азаматтарға қысым көрсеткені үшін жиі сыналады. Халықаралық дін еркіндігі есебінде діни сенімі үшін мемлекеттен қысым көру фактілері баяндалады.

XS
SM
MD
LG