Қазақстандық "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-парақшасына өзінің суреті салынған аудиоролик жариялап, оны өзін қаралау үшін белгісіз біреулер таратып жатқанын айтты.
"Бақытжан Төреғожина істі жүргізуге және Батыстың қолдауына 20 мың доллар сұрайды" деген тақырып қойылған аудиода көрсететін қызметіне ақша сұраған әйел адамның дауысы жазылған. Аудиожазба әлгі әйелдің әлдекімге: "Егер бауырыңыздың хикаясын жария еткенімді қаласаңыз, ол 7 мың доллар тұрады. Бұл істі алғашқы сатыда дайындаудың базалық сомасы. Ал егер материалдарды дайындап, халықаралық деңгейде жария етуді, Батыс құрылымдарымен жұмыс істеп, қажетті арналар арқылы тікелей қысым көрсету 20 мың долларға түседі. Бірден айтайын, мұны менен артық ешкім..." деген жерінен кілт үзіледі.
Құқық қорғаушының өзі бұл аудиоға еш қатысы жоғын айтып отыр.
"Құқық қорғаушы ретінде 25 жылдық жұмыс тәжірибемде барлық қызметімді тегін көрсеткенім жайлы баршаңызды хабардар еткім келеді! Бұл видеодағы бөтен дауысқа менің ешқандай қатысым жоқ! Ешқашан көп ақшам болған жоқ, автокөлігім де, саяжайым да жоқ. 40 жыл бұрын салынған ескі екі бөлмелі пәтерде тұрамын. Темекі тартпаймын, алкоголь ішімдік ішпеймін, Микеланджело деген мысығыммен бірге тұрамын", – деп жазды Төреғожина 22 қыркүйек күні Facebook-тегі постында.
Бақытжан Төреғожина өзіне қарсы арандату әрекеттері қазір түрмеде отырған белгілі марафоншы әрі оппозициялық белсенді Марат Жыланбаев туралы жазған посты үшін сотқа тартылған кезден басталғанын айтты. "Қазір де жалғасып жатыр, мұндай арандатуға берілмеңіздер!" деп жазды құқық қорғаушы.
Биыл 31 шілде күні Алматы қаласының әкімшілік соты "жалған ақпарат таратты" деп айыпталған Бақытжан Төреғожинаға 78 мың теңге (20 айлық есептік көрсеткіш, шамамен 144 доллар) көлемінде айыппұл салған. Құқық қорғаушы түрмеде отырған азаматтық белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығы нашарлап кеткенін, "терісінің түсі өзгергенін, есінен танып қала жаздайтынын", салмағы 45 келіге дейін кеміп кеткенін" жазған. Алайда бұл ақпаратты кейін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) теріске шығарған. Кейін осы постыларына бола сотқа тартылған Төреғожина өзіне тағылған айыптарға келіскен жоқ.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның қуғындалауын сынап, Қазақстан билігін заңсыздық туралы айтқан адамды емес, заңсыздықтың өзімен күресуге үндеген.