"ЛГБТ насихатына тыйым салуды" қарастыратын нормасы бар заң жобасы сенат отырысының күн тәртібінен алынып тасталған. Бұл жөнінде 4 желтоқсанда ҚазТАГ жазды.
"3 желтоқанда сағат 17.48-де сенат хабарлама жіберді, онда талқыланатын мәселелер арасында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұрағат істері және заңсыз контентті таратуды шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң да болған. Алайда 2.5 сағаттан кейін ақпарат құралдарына жаңа хабарлама жіберілді, онда даулы норма туралы заң жоқ" деп жазды ақпарат агенттігі.
Ақпарат агенттігінің жазуынша, брифинге қатысушылар арасынан мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов пен Айбек Сыдықов та алынып тасталған.
"ЛГБТ насихатына тыйым салуды" қарастыратын даулы норма жоғарыда аталған заң жобасында бар.
Сенаттың күн тәртібінен "даулы норманың алынып тасталғанын" бұған дейін бірқатар телеграм-арналар да жазған.
Сенаттың баспасөз қызметі аталған заңды қарау кейінге қалғанын растады.
“Өйткені оның жекелеген нормаларын қосымша пысықтау қажет болды. Осы заңмен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін атап өту маңызды. Сондықтан бұл ауқымды жұмыс пен қосымша уақытты қажет етеді. Сонымен қатар, бұл заң балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелерді де реттейтінін және ол әрқашан салмақты және ерекше көзқарасты талап ететінін ескере отырып, палата депутаттары заңды кейінірек қарау туралы шешім қабылдады” деп жазылған хабарламада.
4 желтоқанда Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта Астанаға келеді. Оның сапары қарсаңында Еуроодақтың Орталық Азия бойынша арнайы уәкілі Эдуардс Стипрайс ҚазТАГ-қа берген сұхбатында Қазақстанда талқыланып жатқан "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы түзету "бірқатар сұрақ туындатады" деген еді.
"Егемен елдің қандай да бір заңнаманы қабылдау құқығына күмән келтірмеймін" деген уәкіл Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында міндеттемелерін еске салған.
БАҚ-тың жазуынша, бір күн бұрын Қазақстан сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асановпен кездесу кезінде ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич те ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы түзетуге алаңдаушылық білдірген.
Бұған дейін парламенттің төменгі палатасы ЛГБТ насихатына тыйым салуды қарастыратын даулы түзетулерді қабылдап, сенатқа жолдаған еді. Сенат қабылдаса, президент қол қояды. Жоба авторларының түсіндіруінше, аталған түзетулер "ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған", "оларды насихаттауға" ғана тыйым салады.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан парламентін түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТИК+ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін.
Осы даулы норма талқыланып жатқан шақта елде ЛГБТ өкілдерінің құқығына арналған жиындарды өткізбеу, өкілдерін ұстау мен қудалау жиілегені хабарланды. Осыған дейін Feminita қозғалысының белсендісі Жанар Секербаева Алматыдағы KIMEP университеті жанындағы TEDx шарасының спикерлері қатарынан алынып тасталғаны белгілі болған. Оның алдында белсендіні Астанада полиия ұстап босатқан. Оның алдында Астанада “ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы” түзетулер талқылануы тиіс болған жиын офлайн өтпей қалған.