Астанада жасанды интеллект бойынша форумға қатысып, Қазақстан билігі өкілдерімен кездескен Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуров Қазақстанға сапары барысында Көлсайға барып, салқын суына да шомылған.
Көлсайға шомылғаны жөнінде видеоны Дуров Telegram сторисінде жариялады. Жазбасына "керемет шомылдым" деп жазып қойған.
Көлсай ерекше қорғалатын аумаққа жатады. "Көлсай көлдері" ұлттық саябақтың ережесі бойынша туристерге онда шомылуға тыйым салынған.
Ұлттық саябақ өкілдері Дуровтың суға шомылғаны туралы ақпаратқа қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
"Саябақ басшылығы қызметтік тексерісті бастап кетті, оның қорытындысы бойынша аумақты дұрыс бақыламаған лауазымды тұлғаларға тәртіптік шаралар қолданылады" деді саябақ өкілдері.
Ал Дуровтың өзі әзірге саябақ өкілдерінің хабарламасына реакция білдірмеді.
Павел Дуров Қазақстанға Digital Bridge форумына қатысу үшін келген. Астанадан кейін ол елдің оңтүстік-шығысындағы Алматыға барған. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, 7 қазанда Дуров қала әкімі Дархан Сатыбалдымен кездескен. Олар жасанды интеллект зертханасының болашағын, ақпараттық технология саласында талантты жастарға арналған арнайы мамандандырылған интернет ашуды, сонымен бірге білім саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесін талқылаған.