Accessibility links

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау ұсыну байқауы аяқталды


Қазақстандағы алғашқы АЭС салады деген орын Үлкен ауылындағы жүк көліктері. Тамыз 2025 жыл.
Қазақстандағы алғашқы АЭС салады деген орын Үлкен ауылындағы жүк көліктері. Тамыз 2025 жыл.

27 мыңнан астам адам Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау ұсыну байқауына қатысты. 11 қазанда байқау аяқталды. Бұл жөнінде атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлады.

"Байқау 2025 жылғы 25 қыркүйекте сағат 12:00-де eGov Mobile мобильді қосымшасында басталған болатын. Екі апта ішінде – 10 қазан, сағат 23:59-ға дейін қазақстандықтар 27 мыңнан астам ұсыныс жолдады. Мұндай жоғары белсенділік азаматтардың атом энергетикасын дамытуға деген зор қызығушылығын және ел үшін маңызды жобаға жеке үлес қосуға дайын екенін көрсетеді"деп жазылған хабарламада.

Ресми ақпаратқа қарағанда, қазір түскен ұсыныстар өңделіп жатыр. Одан кейін жүйеленіп, арнайы есеп әзірленеді. Сүйтіп байқау комиссиясына қарауға жіберіледі. Қазан соңында атом станциясының атауы анықталады.

Байқау президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған.

Алғашқы атом электр станциясының құрылыс жобасы Алматы облысында биыл тамызда басталған. Оны ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы салмақ.

Былтыр қазанда елде АЭС бойынша референдум өткен. Ресми мәлімет бойынша, дауыс берушілердің 71 пайыздан астамы "Қазақстанда атом электр станциясын салумен келісесіз бе?" деген сұраққа "иә" деп жауап берген.

Кейін президент Тоқаев бір емес, үш станция салынатынын айтты. Ол Қазақстанға болашақта "қарқынды экономикалық дамудың берік іргетасымен қамтамасыз ететін жаңа энергетикалық сала құру маңызды" екенін атап өткен.

Қазақстан билігінің айтуынша, елде екінші және үшінші АЭС-ті қытайлық CNNC корпорациясы салады. Бақылаушылардың айтуынша, қытайлықтар станцияны "Росатомнан" бұрын салып беруі мүмкін және құны арзанға түсуі ықтимал. Кей сарапшылар Батыс санкциясы мен соғыстың салдарынан экономикалық қиындықтарға ұшыраған Ресейдің ұзақмерзімді жобаны орындай алатындығына күмән келтіреді.

Атом станциясына қарсылар АЭС жобасы тым қымбат және қоршаған ортаны ластауы мүмкін деп қауіптенеді. Олар сонымен бірге нысандарды салатын елдерден экономикалық, энергетикалық және саяси тәуелділік туындауы мүмкін деген қауіп те айтады.

XS
SM
MD
LG