Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистия аясында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылған. Бұл деректі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) ақпаратына сүйеніп хабарлады.
Комитет мәліметінше, елдегі соттар шамамен 16 мыңға жуық арыз-өтінішті қараған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам азаматтың жаза мерзімі қысқартылған. Бұдан бөлек, пробация қызметі есебінде тұрған адамдарға қатысты материалдар қаралып, 2,9 мыңға жуық адам жазаның қалған бөлігін өтеуден босатылған, тағы 7,6 мыңнан астам адамның жаза мерзімі азайтылған.
ҚАЖК өкілдерінің айтуынша, амнистия ең алдымен әлеуметтік жағдайы осал санаттағы азаматтарға – кәмелетке толмағандар, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер, аяғы ауыр әйелдер, қарт адамдар және мүгедектігі бар жандар ілінген. Бостандыққа шыққан азаматтардың барлығы полицияның жеке есебіне алынып, пробация қызметінің бақылауында болады деп хабарлады ҚАЖК.
Амнистия тек онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасап сотталған адамдарға қолданылды. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлық, экстремизм мен терроризм айыбымен сотталғандар, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар, азаптау айыбымен жауапқа тартылғандар, сондай-ақ қайтадан қылмыс жасап сотталғандар амнистияға ілінген жоқ.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" заңға 2025 жылы жазда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. ҚАЖК мәліметінше, былтыр жарияланған амнистия толық аяқталған.