Қазақстан Жоғарғы соты қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбайдың босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қанағаттандырмау туралы алдыңғы инстанциялардағы шешімді күшінде қалдырды. Бұл жөнінде Ақылбек Мұратбай X желісінде хабарлады.
"Астана соты алдыңғы инстанциялардағы шешімді күшінде қалдырды – Қазақстан маған босқын мәртебесін беруден түбегейлі түрде бас тартты. Өкінішке қарай, жай-жапсарын айта алмаймын. Мені қолдап, отырысқа келгендерге алғыс айтамын" деп жазды белсенді.
Азаттық әзірге Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен ақпарат ала алмады.
Қыркүйектің басында белсенді "Өзбекстандағы саяси қудалаулардан қорғауды сұраған маған түпкілікті түрде “жоқ” деген жауап берілетін сияқты. Одан кейін – не экстрадиция немесе ұзақ жылдық түрме жазасы немесе босқын мәртебесін үшінші елден іздеуге кету күтіп тұр. Көптеген елдердің антимиграциялық саясатына қарсы өзге елге кету мәселесі сәтті түрде жылжып жатқан жоқ" деп жазған еді.
Ақылбек Мұратов – Өзбекстан азаматы, Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт тұрған. Ол 2022 жылы шілдеде Нөкістегі наразылықты үкімет күштері басып-жаншығаннан кейін қарақалпақтар өз Отанында қуғын-сүргінге ұшырағанын Х әлеуметтік желісінде үнемі жазып жүрді. Өзбекстан билігі ресми Астана арқылы Қазақстандағы қарақалпақтарды да қудалай бастаған кезде Мұратбай да бір жыл экстрадициялық қамауда отырып шыққан. Қазақстан билігі босқын мәртебесін сұраған қарақалпақтардың көбінің өтінішін орындамады.