8 қазанда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр және ресейлік "Газпромның" жетекшісі Алексей Миллер жаңа газ құбыры жобасын жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды.
"Ресейден Қазақстанға қарай жаңа магистралды газ құбыры жобасын жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойылды. Құжатта Орынбор газ өңдеу зауытының жаңартылатын нысандарында Қарашығанақ газын өңдеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер белгіленген" деп жазылған "Газпромның" сайтында.
Ақпан айында Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі "Ресей Қазақстанды газбен қамтамасыз ету үшін магистралды газ құбырын салатынын" хабарлаған еді. Ақпарат агенттігінің жазуынша, Ресей үкіметі оны "территориялық жоспарлау схемасына енгізген". Газ құбыры Ресейдің Түмен облысындағы елді мекендер арқылы өтеді. Сол арқылы Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтары газ алмақ. Газ құбырының қуаты 10 млрд текше метр газ, компрессорлық станциялардың қуаты 50 МВт деп айтылады.
Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуропаға газ тасымалдау мүмкіндігінен айырылған Ресей жаңа нарықты іздей бастаған. Былтыр Ресей президенті Владимир Путин Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау бойынша келісімге қол қойған. 2024 жылы Ресейден Өзбекстанға 5,6 млрд текше метр газ тасымалданған, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 11 млрд текше метрге жетеді деп айтылады.
Бұған дейін халықаралық басылымдар газ эскпортының дағдарысы Кремль үшін әлі де маңызды болып отырғандықтан Мәскеудің Ресей газын Солтүстік Қазақстанға да тасымалдауға күш салып отырғанын жазған. Батысында мұнай-газ қорына бай Қазақстанның солтүстік өңірі әлі күнге дейін газбен қамтамасыз етілмеген.