Qazaq Air әуе компаниясының ұшқыштары компания басшылығына хат жазып, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.
Хаттың мазмұнынан ҚазТАГ агенттігі үзінді келтіреді. Онда ұшқыштар жалақы деңгейіне көңілдері толмайтынын айтқан. Олардың сөзінше, өзге әуе компанияларымен салыстырғанда мұнда жалақы төмен. Жергілікті және шетел командирлерінің жалақылары арасында да айырмашылық бар.
Хатта ұшқыштар әуе компаниясының басшылығын түнгі рейстерге ақы төлеу жүйесін қайта қарастыруға, командирлердің жалақысын кемінде 30 пайызға арттыруға, екінші ұшқыштардың жалақыларын 50 пайызға көбейтуге, барлық ұшқыштардың ұшу ақысын 30 пайызға арттыруға үндейді.
Әуе компаниясының басшылығы әзірге түсініктеме бермеді.
Қазақстан көлік министрлігі әуе компаниясынан " бұл мәлімдемені елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарауды" талап етті.
Qazaq Air - "Самұрық-Қазына" қоры (49%) мен вьетнамдық SovicoGroup (51%) компанияларына тиесілі.