Ресей президенті Владимир Путин азаматтарды әскери қызметке шақыру тәртібін өзгертетін заңдарға қол қойды. Құжаттар ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланды.
Бірінші заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде азаматтарды әскерге шақыру жыл бойы — 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін жүргізілетін болады. Бұл жаңа тәртіп әскери комиссариаттарға азаматтарға әскерге шақыру қағазын тұрақты түрде тапсыруға, медициналық тексеру мен әскерге шақыру комиссиялары отырысын үздіксіз өткізуге мүмкіндік береді.
Ал әскер қатарына шақырылған азаматтарды қызмет атқаратын жерге жөнелту мерзімі өзгермейді: көктемде — 1 сәуірден 15 шілдеге дейін, күзде — 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Әскер қатарына электрон шақыру қағазын алған адам ол құжат реестрге енгізілген сәттен бастап 30 күннен кешікпей баруға міндетті болмақ.
Путин қол қойған екінші заң билік орындарына резервтегі әскери қызметшілерді бейбіт заманда да белгілі бір міндеттерді атқару үшін әскер қатарына тартуға мүмкіндік береді. Бұл заң нормасына резерв құрамында болуға ерікті түрде келісімшарт жасасқан азаматтар бағынатын болады. Енді Ресейдің қорғаныс министрлігі оларды "стратегиялық және өзге де өмірлік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" мақсатында арнайы жиындарға шақыра алады.
Мемлекеттік дума бұл заң жобасын 28 қазанда қабылдаған. Іле-шала Ярославль және Тюмень облыстарында билік резервистерді іріктеу басталғанын жария етті.