Сирияның уақытша президенті Ахмед әш-Шараа Мәскеуге ресми сапармен барып, Кремльде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.
Әш-Шара былтыр жылдың соңында Мәскеудің одақтасы Башар Асад билігін басып алған Сириядағы қарулы оппозиция жетекшілерінің бірі. Ресей әскері Асадқа ереуілшілерді басуға көмектескен, ал әш-Шарааның өзін террорист деп атаған. Алайда Асад билігі құлағаннан кейін Мәскеу Сирияның жаңа билігін мойындаған.
Кремль Путин мен Сирия жетекшісінің кездесуінен видео жариялады. Ресми ақпаратқа қарағанда, Ресей президенті Мәскеу Дамаскімен қарым-қатынаста әрдайым "Сирия халқының мүддесін басшылыққа алады" және бұл қарым-қатынас әрдайым достық сипатта болғанын еске салған. Әш-Шара өз кезегінде Сирия билігі бұған дейін Ресеймен жасалған келісімдерді құрметтейтінін мәлімдеді.
Осыған дейін Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әңгіме өзге жайттармен қатар Асад билігі тұсында ашылған Сириядағы Ресейдің әскери базасы жөнінде болатынын да растады. Сирияда Ресейдің әскері азайған, алайда Хмеймим мен Тартус портындағы ресейлік базалар жұмыс істеп тұр.
Reuters пен бірқатар араб басылымдарының жазуынша, әш-Шараа Мәскеумен келіссөз кезінде ресми түрде Асадты тапсыруды сұрауы мүмкін. Асад Ресейден саяси баспана алған. Дегенмен бұл жөнінде ресми түрде хабарланбады. Әзірге Путин мен Сирия басшысының арасындағы келіссөздің қорытындысы бойынша ақпарат жоқ.
Ресей 2015 жылы Асад әскері қатарында Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан. Ресми түрде мұны "Ислам мемлекеті" террористік ұйымымен күрес ретінде түсіндірген. Ресейдің әскери ұшақтары "Ислам мемлекеті" ұйымына қатысы жоқ қарулы топтарға әуеден соққы берген.