Accessibility links

Астана меморандумы және толық реттелмеген Сирия жанжалы


Сириялық босқын отбасының қызы. Ракка провинциясындағы босқындар лагері, 4 мамыр 2017 жыл.
Сириялық босқын отбасының қызы. Ракка провинциясындағы босқындар лагері, 4 мамыр 2017 жыл.

Шетел баспасөзі соғыс жүріп жатқан Сирияда қауіпсіз аймақтар құруға қатысты Астанада қол жеткен келісімді әрқилы бағалайды. Келісім нәтижесін оң бағалаумен қатар әлемде толық реттелмеген тағы бір қақтығыс ошағы Сирияда пайда болуы мүмкін деген күдік те айтылады.

Осы аптада Батыс елдерінің көптеген басылымы Сирияда «деэскалация аймақтарын» құру туралы бейсенбі күні Астанада қол қойылған меморандумға назар аударған. Сирия жанжалында қарсы тараптарды қолдайтын Ресей, Иран және Түркия келіссөзге кепіл елдер ретінде қатысқан. Иранды қақтығысқа тікелей қатысып отыр деп айыптаған Сирия қарулы оппозициясы басшылары меморандумға қол қоюға ашумен наразылық білдірді.

«ДҰРЫС БАҒЫТТА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ»

Астана меморандумына сәйкес, Сирияның көтерілісшілер ұстап тұрған территориясында, атап айтқанда, Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында, орталықтағы Хомс провинциясының кей бөліктерінде, оңтүстікте және Дамаск түбіндегі оппозиция анклавы Шығыс Гутада төрт «деэскалация аумағын» құру ұсынылды.

Америкалық CBS News сайты жариялаған «Сирияда ұшақтардың кіруін тыйым салынатын аумақтар құру жайлы Ресей демеушілік еткен келісім АҚШ авиациясының ұшуына да тыйым салады» деген мақалада Астанада қол қойылған келісімді демеуші елдер қауіпсіз аймақтар Сириядағы жүздеген мың тұрғынның азабын жеңілдетіп, Сирия босқындарының еліне оралуына көмектеседі деп үміттенеді. Бірақ мақалада ертеректе қауіпсіз аймақтар бейбіт халыққа қорған бола алмағандықтан, «ресми тұлғалар күмән білдірді» деп жазылған. Мысалы, БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутьеррес Сирияда қауіпсіз аймақтар құру идеясына қатысты комментариінде 1995 жылы сегіз мыңдай босниялық мұсылман өлтірілген Сребреница қасіретін мысалға келтірген.

«Бірақ БҰҰ-ның Сириядағы өкілі Стеффан де Мистура бейсенбіде қол қойылған келісімді «дұрыс бағытқа жасалған қадам» ретінде бағалап, бұл келісім Сирия жанжалын Женевада БҰҰ аясында бейбіт реттеу келіссөзіне көмектеседі деген үміт білдірді» деп жазады CBS News.

Сирия дағдарысы бойынша Астанадағы келіссөзге қатысушылар (солдан оңға): Ресей делегациясы басшысы Александр Лаврентьев, Иран сыртқы істер вице-министрі Хосейн Жабери Ансари, Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура.
Сирия дағдарысы бойынша Астанадағы келіссөзге қатысушылар (солдан оңға): Ресей делегациясы басшысы Александр Лаврентьев, Иран сыртқы істер вице-министрі Хосейн Жабери Ансари, Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стаффан де Мистура.

Мақалада Сирия оппозициясы өкілдерінің меморандумды құптамағаны жайлы да жазылған. «Астанада Сирия қарулы жасақтарының спикері Осама Або Заид әлгі аймақтарға қатысты «бірқатар сұрақтар» туғанын айтып, Мәскеу өзінің жақтасы Дамаск немесе Сирияның кей тұстарында үкімет жағында соғысып жүрген солдаттары бар Иран келісімнің әлдебір шарттарын бұзса, қалай әрекет ететіні жайлы сұрақтарға әзірше жауап берген жоқ» деп жазады CBS News.

Солтүстік Ирландиядағы Belfast Telegraph газеті «Сириядағы деэскалация аумақтары» АҚШ басқаратын коалиция ұшақтары үшін жабық болады» деген мақаласында «Ресей жоспарына сәйкес, президент Башар-әл-Ассадтың авиациясы белгіленген аймақтардың үстімен ұшуын тоқтатады» деп жазады. Бұған қоса, Ресей президенті Владимир Путиннің Сириядағы арнайы өкілі Александр Лавретьевтің айтуынша, ішінде Ресей мен Түркияның ұшақтары бар бүкіл әскери авиацияның әлгі аймақтарда ұшуына тыйым салынады. Лаврентьев АҚШ басқаратын коалиция авиациясы «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қарсы операцияларын белгілі бір аумақтарда жүргізе алады деп мәлімдегені хабарланды.

Бұған қоса, мақалада БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутьеррестің «қарудың барлық түрін, әсіресе әуе күштерін пайдалануды тоқтатуға бейіл ұстанымды құптайды» деген сөзі бар БҰҰ мәлімдемесін де келтірген.

СИРИЯ ОППОЗИЦИЯСЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ЭМОЦИЯСЫ

Sky News телеарнасы сайтында жарияланған «Сириядағы қауіпсіз аймақтар пактісіне қол қойып жатқан кезде бүлікшілер [келіссөз залынан] шыға жөнелді» деген мақалада Ресей, Иран және Түркия Сирияда қауіпсіз аймақтар құру туралы келісімге қол қойды, «бірақ қол қойылып жатқанда бүлікшілер тобы [өкілдері жұлқынып шығып кеткеннен] кейін оның табысты болуына сенім азайғандай көрінді» деп жазады. Сайт көтерілісшілер басшыларының бірі Абу Осама Голанидің «Иран – Сирия халқын қырып жатқан ел, сондықтан қанішер құтқарушы бола алмайды» деген сөзін келтірген.

Сирия оппозициясының өкілі наразылық білдіріп келіссөз өтіп жатқан залдан шығып бара жатыр. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.
Сирия оппозициясының өкілі наразылық білдіріп келіссөз өтіп жатқан залдан шығып бара жатыр. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.

Басылым АҚШ билігі тым сақтана реакция танытқанын жазған. АҚШ-тың мемлекеттік департаменті өкілі Хизе Ноерт «Астана келісіміне қатысты, оның ішінде Иранның «гарант» ретінде қатысуына байланысты қаупіміз сейілген жоқ. […] Біз Сирия жанжалын тоқтату мақсатында Ресей Федерациясымен диалогымызды жалғастыруды тағатсыздана күтеміз» деген еді.

Ұлыбританияның BBC телеарнасы сайтындағы «Сирия: «қауіпсіз аймақтарға» қатысты жоспарға қол қойып жатқан кезде көтерілісшілер [келіссөз залынан] шығып кетті» деген мақаласында да Сирия көтерілісшілерінің Иранның әлгі жоспардағы рөліне наразы реакциясына қатысты комментарий берген. Сирия билігінің меморандумға қатысы жоқ, бірақ мемлекеттік баспасөз хабарламаларына қарағанда, әлгі жоспарды қолдайды.

Бұған қоса, қауіпсіз аймақтар алты ай бойы күшінде болатыны және оларды көтерілісшілер мен үкімет әскерлері күзететіні хабарланды. ВВС телеарнасы AFP агенттігіне сілтеме жасап, шетел әскерлері ол жақта бақылаушылар ретінде бола алады деп хабарлайды.

Меморандумға қол қою процесіне Ұлыбританияның Journal News арнасы сайты да жан-жақты комментарий беріп, ол жұмаға қараған түн ортасында күшіне енді деп хабарлайды. «Келісімге егжей-тегжейлілік жетіспейді. Бірақ ол жақта қарулы бақылаушылар болатыны Сириядағы атысты тоқтатуға тырысқан әрекеттерде алғашқы рет қарастырылған. Болжам бойынша, әлгі қарулы бақылаушылар Ресей, Иран және Түркия тарапынан болады. Бірақ олар қашан және қай жерде қолданылатыны әзірше белгісіз» деп жазады Journal News.

Жаңа «деэскалация аумақтарының» картасы маусымның 4-іне дейін дайын болады деп болжанады.

Автокөліктегі бомба жарылысынан кейінгі өрт. Аваз, Сирия, 3 мамыр 2017 жыл.
Автокөліктегі бомба жарылысынан кейінгі өрт. Аваз, Сирия, 3 мамыр 2017 жыл.

Ал кей сарапшылар қауіпсіз аумақтар құру идеясына күмәнмен қарайды. «Азат Еуропа / Азаттық Радиосы» сайтында жариялаған комментариінде шолушы Брайан Уитмор «Путиннің Сирияда «қауіпсіз аумақтар» құру жайлы ұсынысы елді іс жүзінде бөлуге жасалған алғашқы қадам ретінде күдікті көрінеді. Мұндай бөлу Мәскеуді Башар-әл-Асад басқаратын шағын елдің жебеушісіне айналдырар еді. Жуырда әлем Ресей құрған әрі толық өшпеген тағы бір жанжал ошағына тап болады» деп жазған.

Сириядағы азаматтық соғыс кесірінен 2011 жылдан бері 400 мыңдай адам қаза тауып, ел халқының жартысына жуығы үйлерін тастап, босып кетуге мәжбүр болды. АҚШ жанжалды бейбіт реттеу келісімі көбінесе БҰҰ аясында Женевада өткенін қолдайды. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескеннен кейін Ақ үй Астанадағы келіссөзге АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс елдері бойынша көмекшісі Стюарт Джонсты бақылаушы ретінде жіберген болатын.

XS
SM
MD
LG