Польшаның қарулы күштері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әуеге әскери ұшақтарын көтерді. Польшаның жедел қолбасшылығы НАТО елдерінің ұшақтары да қатысқанын хабарлады.
"Әуе кеңістімізде поляк және одақтастардың авиациясы қимылдап жатыр, ал жердегі әуе қорғаныс жүйесі мен радиолокациялық барлау жүйелері жоғары дайындыққа көшірілді. Бұл іс-әрекеттер профилактикалық сипатқа ие және әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтарды, әсіресе қауіпті аймаққа іргелес жатқан аудандарды қорғауға бағытталған" деп жазылған мәлімдемеде.
Мұндай шараға Польшаның Украинамен шекаралас аудандарының дрон шабуылына ұшырауы себеп болғаны айтылады.
Кейін жедел қолбасшылық әуе кеңістігіндегі авиация қимылы тоқтатылғанын, жердегі әуе қорғаныс жүйесі мен радиолокациялық барлау штаттық режимге көшірілгенін хабарлады.
10 қыркүйекте Польшаның әуе кеңістігіне 20-ға жуық ресейлік дрон кіріп, кейбірін әскерилер атып түсірген. Варшава Ресейді арандатып отыр деп айыптады.
Ал Ресей әскері Украинаның батыс аудандарына соққы жасалғанын, бірақ Польшаның аумағындағы нысандарды шабуылдауды жоспарламағанын айтты. Ресейдің айтуынша, Украинаға соққы жасау кезінде 700 шақырымға дейін ұшатын дрондар пайдаланылған, сондықтан олардың поляк жеріне баруы мүмкін емес.
Соғыс басталғалы бері НАТО аумағында алғаш рет ресейлік дрон атып түсіріліп отыр.
12 қыркүйекте Ресей-Беларусь бірлескен «Батыс-2025» әскери жаттығуларына байланысты Польша Беларусьпен шекарасын толығымен жауып тастаған.