Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президенті Владимир Путин "ядролық сынақтарға дайындық бастау туралы тапсырма берген жоқ" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, егер АҚШ ондай сынақ өткізсе, Ресей де солай істеуге мәжбүр болады.
Өткен аптада Владимир Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ядролық сынақтар тақырыбын талқылаған. Қорғаныс министрі Андрей Белоусов АҚШ президенті Дональд Трамптың әлемде өзге елдер ядролық сынақтар өткізіп жатқандықтан, АҚШ та ядролық сынақтарды қайта бастайтынын айтқан сөзіне сілтеп, Ресей де Жаңа жер аралында ядролық сынақ өткізуге дайындықты дереу бастағаны жөн деген ұсыныс жасаған. Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) директоры Александр Бортников Трамптың нені меңзегені түсініксіз екенін айтқан. Жиын қорытындысында Путин Ресейдің сыртқы істер министрлігіне, қорғаныс министрлігіне, арнайы қызметтері мен азаматтық мекемелеріне ядролық сынақтарға дайындық мүмкіндігі жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырған, бірақ тікелей бұйрық бермеген.
9 қарашада Ресейдің мемлекеттік ВГТРК телеарнасының тілшісі Павел Зарубинге берген сұхбатында Песков: "Алдымен бізге олай істеу қажет пе, жоқ па екенін түсіну керек. Бұл өте маңызды, негізделген және салмақты шешім болуы тиіс. Қазір біздің мамандар осымен айналысып жатыр", — деді. Бұған қоса Песков АҚШ президенті өзге елдер ядролық сынақтар жүргізіп жатыр деп айтқанда нені меңзегені Мәскеуге түсініксіз қалып отырғанын жеткізді.
"Ресей де, Қытай да ядролық қару сынағын өткізіп жатпағанын біз нақты білеміз", — деді Кремль өкілі. Песков сондай-ақ "Буревестник" зымыраны мен "Посейдон" суасты аппараты сынақтарын ядролық қару сынағы ретінде қарастыру "сауатсыз тұжырым" болар еді деген. Бұған дейін Ресей билігі ол жүйелерді ядролық энергетика қондырғысымен жабдықталған деп сипаттаған еді.
Қазан айының аяғында АҚШ президенті Дональд Трамп өзі елі басқа мемлекеттермен "тең жағдайда" ядролық қаруды сынақтан өткізуді "дереу" бастайтынын мәлімдеген. Кейін CBS News арнасына берген сұхбатында ол "өзге елдер сынақтар өткізіп жатқанын" айтып, АҚШ "сынақ өткізбейтін жалғыз ел болып қалғанын" қаламайтынын мәлімдеген. Әйткенмен Трамп 1990 жылдарға дейін АҚШ пен Совет одағында жасалып келгендей жерасты ядролық сынақ жарылыстарын жүргізуді толықтай қайта бастауды меңзеді ме, жоқ па, ол жағын ашып айтпаған. Мәскеу Вашингтон сол жөнінде түсініктеме беретін шығар деп күтеді деді Песков.
Әсіресе Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғысын ашқалы бері Ресей билігі ядролық қару қолдану мүмкіндігі жөнінде емеурін білдіруді жиілеткен және Мәскеу қазір әлі күшінде тұрған шектеулерді алып тастауға талпыныстар жасаған. Ресей стратегиялық шабуыл қаруларын шектеу туралы келісімнің күшін тоқтатып, ядролық қаруды Беларуське орналастырды, ядролық доктринасын өзгертті және ядролық қару тасымалдайтын "Буревестник" пен "Посейдон" сынды жаңа қару түрлерін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.