Астана сотының апелляциялық алқасы Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан үкімді өзгертпеді. Қорғау жағы келтірілген шығын көлемі дәлелденбегенін алға тартып, процессуалдық заңсыздықтар туралы да айтып, үкімнің күшін жоюды сұраған.
Алайда сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді күшінде қалдырды.
25 шілде күні Астана соты Перизат Қайратқа – 10 жыл, оның анасы Ғайни Алашбаеваға 7 жыл түрме жазасын кескен. Сот ол екеуін қайырымдылық желеуімен жиналған үш жарым миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін айыпты деп таныған.
Тергеу деректері бойынша, қызы мен анасы 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық аясында қаражат жинап, оны негізінен зергерлік бұйымдар мен әшекейлер, жылжымайтын мүліктер сатып алуға, шетелге саяхатқа шығуға жұмсаған. Іс материалдарына сәйкес, Газа секторына көмек ретінде жиналған шамамен 1 миллион доллардың 13,7 мың доллары ғана мақсатты жерге аударылған. Ал қалған ақшаға қымбат автокөліктер мен пәтер сатып алынған.
Қызы да, анасы да өздеріне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат айыптауларды "тергеушілердің қиялы" деп атап, жиналған қаражатты Палестина аумағына қолма-қол ақшалай жеткізгенін, себебі банк аударымы әскери қақтығысты қаржыландыру ретінде бағалануы мүмкін деп қауіптенгенін айтқан.