Accessibility links

Пәкістан жастары үшін YouTube - саяси жүйені сынаудың жалғыз жолы


Пәкістандық Beygairat Brigade рок тобы
Пәкістандық Beygairat Brigade рок тобы

Пәкістандық рок тобының елдегі діни экстремизм мен төзімсіздікті әжуалайтын "Картоп пен жұмыртқа ботқа" туралы сатиралық әні ойламаған жерден YouTube-тің хитына айналып шыға келді. Бірақ бұл сенсация қоғамда дау-дамай туғызып отыр.


Картоп пен жұмыртқаның ботқасы - Пәкістанның миллиондаған мектеп жасындағы балалары түскі ас ретінде үйлерінен әкеп үнемі жей бергеннен әбден зәрезап болған кедейдің тағамы. Алайда Beygairat Brigade ("Ұятсыз бригада") атты лахорлық рок тобының мүшелері бір күні екінші күнінен аумайтын саяси өмірдің жалпыны титықтатқан ауыртпалығын әжуалау үшін жаңа шығармашылық тәсіл тапқан сияқты. Елдегі зорлық-зомбылықтың ілім-білімнен гөрі көбірек мадақталатын феноменге айналғанын мысқылдау үшін музыканттар картоп пен жұмыртқаны көпке түсінікті ұтымды метафора ретінде пайдаланған.

Пәкістан қоғамының тоқырауын, діни экстремизм мен надандықты әжуалайтын «Картоп пен жұмыртқа ботқасы» атты бұл бейнеклип YouTube әлеуметтік видео-желісінің сенсациясына айналды. Клипті бір айдың ішінде 470 мыңға жуық адам көріп үлгірген. Мұндай танымалдық музыканттардың өздеріне қатысты қарама-қайшылыққа толы дауды да өршітіп жіберді.
Мектеп оқушылары мемлекеттік мейрам кезінде патриоттық ән айтып тұр. Мингора, Суат, 13 тамыз 2009 жыл
Мектеп оқушылары мемлекеттік мейрам кезінде патриоттық ән айтып тұр. Мингора, Суат, 13 тамыз 2009 жыл

Бейнеклип үш жас музыканттың тауық етін жегісі келсе де, шешелерінің оларға қайтадан картоп пен жұмыртқа қуырып бергенін көріп, жыламсырай шағымданған көрінісімен басталады. Ән сәлден соң өте салмақты проблемаларға ауысып сала береді.

«Кожактар (таздар, бұл елдегі ағайынды Наваз бен Шахбаз Шариф атты екі атақты консервативті саясаткерлерді меңзейді) Ханның түнегінде (басқа бір танымал саясаткер), батбырауықтың жібінде ілініп тұр. ЖС (Жоғарғы сот) - соңғы үміт. Сарбаз санын көбейтем деп гүрілдеп жүрген әскербасы қорылдап қыстық ұйқыға кетті. Малик Мумтаз Қадри патшадай әспеттеліп, Аджмал Касаб хас батыр боп суреттеледі. Молданың пәранжа киіп тұра қашқан жерінде Абдус Саламды есіне алып жатқан ешкім жоқ. Шешем болса маған тағы да сол картоп пен жұмыртқа ботқасын пісіріп берді» деп әндетеді топ.

Лауазымды тұлғаларды батпырауықтың жібіне ілініп тұрғандай сипаттайтын, крикет ойыншысынан саясаткерге айналған Имран Ханның жоғарғы соттың төрағасын сатып алу арқылы қазіргі үкіметті отставкаға кетіртуін әшкерелейтін және генерал Ашфак Первез Кайанидің қызмет мерзімін үш жылға создырып алғанын әжуалайтын ән мәтіні дүрбелең туғызды.

Топтың көздеген мақсаты да сол болатын. Бейнеклип радикал исламшылдардың ықпалға қол жеткізу үшін қолданатын қатігез саясатын әжуәлайтын қойылымдар арқылы ашық ұрысқа шақырып тұр.

«Қадри патшадай әспеттеледі» деген өлең жолдарында топ Малик Мумтаз Қадриды меңзейді. Мумтаз Қадри қаңтар айында елдегі тұрпайы заңдарға қарсы шыққан секулярист, Пенджаб провинциясының губернаторы Салман Тасирды атып өлтірген полиция күзетшісі болатын.
Пенджаб губернаторы Салман Тасирді атып өлтірген күзетші Малик Мумтаз Хусеин Қадриді тиеген полиция көлігін қаумалай қоршаған жұрт. Равалпинди, 6 қаңтар 2011 жыл
Пенджаб губернаторы Салман Тасирді атып өлтірген күзетші Малик Мумтаз Хусеин Қадриді тиеген полиция көлігін қаумалай қоршаған жұрт. Равалпинди, 6 қаңтар 2011 жыл

Өлең жолдарында жоқталып тұрған адамның бірі - Аджмал Қасаб. Пәкістандағы Нобель сыйлығының жалғыз лауреаты Абдус Салам мүлдем ұмытылған елде, Аджмал Қасаб 2008 жылы Үндістанның Мумбай қаласындағы террорлық шабуылды ұйымдастырғандардың қазір тірі жүрген жалғыз мүшесі. Ол - Пәкістандағы көптеген адамдар үшін батыр. Абдус Салам болса мүшелері соңғы жылдары қарулы шабуылдар мен кемсітушіліке жиі ұшырап жүрген азғантай Ахмадия сектасының мүшесі еді. Саламды әнге қосқандықтан рок тобының мүшелерін сыртынан ахмадия ағымына телгендер де шықты.

Пәкістанның Dawn TV телеарнасына берген сұхбатында топтың бір мүшесі Али Афтаб Саид мұндай пікірлерді жоққа шығарды:

«Біз қандай да бір діни нанымды бөлекше дәріптеп, кемсітіп не болмаса дәріптеп жатқан жоқпыз. Абдус Салам бүкіл өмірін ғылымға арнаған ғалым, ал Аджмал Қасаб пен Қадри қару асынып жүрген адамдар. Өлеңнің мақсаты интелектуалдар еленбей, қару асынғандар ұлықталатын елдегі келеңсіз құблылысты жарыққа шығару болған. Одан басқа тағы бір маңызды жайт: бұл - жәй ғана ән ғой. Сондықтан оны ән ретінде қабылдау керек».

Алайда Пәкістанда бұл өлеңді елдің бәрі шынайы қабылдағанға ұқсайды. Ол фактіні клиптің соңында топтың өзі де түсінгенін байқатады. Соңғы бейнекөріністе топтың бір әншісі «Мені тезірек атып тастасын десеңдер, клипті көрген соң "Ұнату" деген түймені баса беріңдер» деп жазылған плакат ұстап тұрады.




(Мәтінді қазақ тіліне аударған Сағынай Кәрім).
XS
SM
MD
LG