Өзбекстанда адамдарды олардың рұқсатынсыз суретке не видеоға түсіруге тыйым салмақ. 7 қазан күні өзбек парламентінің кіші палатасы осындай заңды мақұлдады.
Құжатта фотоға не видеоға түсетін адамнан ауызша не жазбаша рұқсат қажет екені жазылған. Бұл ережені бұзғандарға 1364 долларға дейін айыппұл салынады не фотоаппараты кәмпескеленеді. Енді заңды сенат мақұлдауы қажет. Бірақ жоғарғы палата құжатты қолдамай қоюы екіталай.
Туристер фотоэкспедиция ұйымдастыратын танымал өзбек фотографы Анзор Бухарский Азаттыққа берген сұхбатында бұл заң күшіне енсе, кадрға кездейсоқ түсіп қалған адамдардың жағдай қалай реттелетіні түсініксіз екенін айтады.
"Газтұмша немесе Санта-Клаус костюмін киген адам фотода "мен тұрмын" деп айта ала ма?" дейді ол.
Өзбек депутаттары бұл заңды адамдардың, соның ішінде әсіресе балалардың жеке өмірін қорғау амалы деп ұсынған. Құжат бойынша, 16 жасқа толмаған балаларды суретке түсіру үшін ата-анасының немесе қамқоршысының келісімі керек.
Сыншылардың айтуынша, заң жобасы шын мәнінде жемқор полицейлер мен шенеуніктер дауларынан кейін әзірленген. Бұған дейін бірқатар мемлекеттік қызметкердің парақорлығы камераға түсіп қалған.
Объективке түскен адамның рұқсатынсыз фото не видео жариялауға тыйым салу 2020 жылы-ақ ұсынылған. Бірақ қазіргі заң жобасында тыйымның ауқымы кеңейіп отыр: суретке не видеоға түсіру ғана емес, түсірілген материалды сақтау да заңға қайшы болмақ.
Жібек жолы архитектурасы сақталған Өзбекстанға жыл сайын миллиондаған турист келеді. Бухарскийдің сөзінше, бұрын елге көбінесе ересек адамдар келсе, қазір саяхаттап жүрген жастардың үлесі басым.
"Бұл жас туристерді кірпіштен салынған ескерткіштер мен әулиелердің қабірлерінен гөрі Шығыстың экзотикасы: күнделікті өмір, ұлттық салт-дәстүр, костюмдер, ескі қаланың тар көшелері, базарлар мен тандырлар қызықтырады" дейді Бухарский. "Туристер мұның бәрін камераға түсіріп алғысы келеді және осы уақытқа дейін олар ешқандай қиындыққа тап болмады. Жаңа заң туристерді үркіте ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді".
Өзбектер жалпы алғанда түсірілімге қарсы емес-ақ. Бірақ заңдағы тыйым туристер суретке түсіргенді жақсы көретін базар секілді жерлердегі жағдайды өзгертуі мүмкін.
Жаңа заң тәуелсіз журналистер мен белсенділерді тұншықтыру құралына айналуы мүмкін деп қауіптенетіндер де бар.
"Бастысы жаңа заң манипуляция құралына немесе "қолайсыз" блогерлер мен БАҚ-қа қарсы қарсы репрессия құралына айналмаса болғаны" дейді Бухарский.
Бухарскийдің жазбасына пікір білдірдердің бірі турист тартуға басымдық берген Өзбекстанда заңдағы тыйым іс-жүзінде орындала қоймайды дейді.
"Біздің заңдарымыздың қаталдығы оларды орындаудың міндетті еместігімен теңгеріледі" деп жазды ол.