Accessibility links

Өскеменде шамамен бір жылдан кейін уақытты ауыстыруға қарсы митинг өткізуге рұқсат берді


Өскемен қаласы.
Өскемен қаласы.

Қазақстанның шығысындағы Өскемен қаласында шамамен бір жылдан кейін уақытты ауыстыруға қарсы митинг өткізуге рұқсат берді.

Былтыр желтоқсанда Өскемен тұрғыны Леонид Карташев уақыт белдеуін өзгертуге қарсы бейбіт митинг өткізгісі келетінін айтып, әкімдікке өтініш берген. Алайда әкімдік рұқсат бермеген. Ізінше Карташев шешімді даулап, әкімдікті сотқа берген еді. Биыл көктемде сот әкімдіктің рұқсат бермеу туралы шешімін заңсыз деп таныған. Әкімдік жарты жылдан кейін белсендіге митинг өткізуге рұқсат беріп отыр.

"Әкімдік сізге 2025 жылдың 5 қарашасында Өскеменде Нұрсұлан Назарбаев даңғылында 17:00 пен 18:00 аралығында митинг түрінде бейбіт жиын өткізуді ұсынады" деп жазылған әкімдіктің жауабында.

Ал құқық қорғаушы мұны "жүйенің сергелдеңі" деп атайды.

"Міне, сот шешімінен соң жарты жылдан кейін әкімдік Леонидке 2025 жылдың 5 қарашасында митинг өткізуді ұсынып отыр)) Кейде заңдардың жұмыс істейтіні әрине, жақсы, бірақ бұл ұсыныс мазақтау сияқты көрінеді: бір жылдан соң тақырып өзекті емес болып қалған жағдайда митинг өткізе беріңдер. Біздің жүйенің сергелдеңі" деп жазды "Құқықтық медиа орталықтың" директоры Диана Окремова.

Қазақстан биліктің шешімімен бірыңғай уақыт белдеуіне 2024 жылы 1 наурызда көшкен. Бұрын екі уақыт белдеуі болған: UTC+5 және UTC+6. Халықтың қарсылығына қарамастан үкімет шешімді өзгертпеді.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары уақыт белдеуі өзгергендіктен уақыт тиімді пайдаланылмай жатқанын айтқан. Олардың сөзінше, мысалы жазда таң ерте атады (түнгі екі-үштерде), ал қыста кеш ерте түседі (күндізгі сағат 3-4-тен кейін).

XS
SM
MD
LG